Астанада Халықаралық Аралды құтқару қорының Басқарма отырысы өтті

106

Қырғыз Республикасы отырысқа бақылаушы ел ретінде қатысты.   

Астанада Халықаралық Аралды құтқару қорының Басқарма отырысы өтті Фото: Су ресурстары және ирригация Министрлігі

Астанада Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен Халықаралық Аралды құтқару қорының (ХАҚҚ) Басқарма отырысы өтті, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Отырысқа Тәжікстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Сулаймон Зиезода, Түрікменстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Тангрыгулы Атахаллыев, Өзбекстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Шухрат Ганиев, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов және ХАҚҚ Атқару комитетінің төрағасы Асхат Оразбай қатысты.

Делегацияны министрдің орынбасары - Су ресурстары қызметінің директоры Алмаз Жээналиев басқарды.

Отырыс қорытындысы бойынша бес бірлескен шешімге қол қойылды. 2026 жылғы 22 сәуірде Астанада өтетін Қорды құрушы мемлекеттер басшылары кеңесінің алдағы отырысына дайындық, ХАҚҚ Атқарушы комитетінің есепті кезеңдегі жұмысының қорытындысы және Қордың ұйымдастырушылық құрылымы мен шарттық-құқықтық базасын жетілдіру мәселелері бойынша шешімдер қабылданды.

Бірлескен бағдарламаларды іске асыру бөлігінде ХАҚҚ Атқару Комитеті мен халықаралық әріптестердің даму жөніндегі қызметін үйлестіру жұмысын реттейтін құжат және Қор Басқармасының келесі отырысының күн тәртібі бекітілді.

Сондай-ақ күн тәртібінде Сырдария өзені бассейнінде су ресурстарын есепке алудың, мониторингтеудің, басқарудың және бөлудің бірыңғай автоматтандырылған жүйесін енгізу жөніндегі жұмыс жоспарының жобасын әзірлеу туралы, сондай-ақ 2026-2036 жылдарды "Орталық Азиядағы суды ұтымды пайдалану жөніндегі практикалық іс-қимылдар онжылдығы" деп жариялау туралы мәселе қаралып, назарға алынды.

Еске сала кетейік, Қазақстан Солтүстік Арал теңізін сақтау бағытында кешенді шараларды жүзеге асырып келеді. Атап айтқанда, Су ресурстары және ирригация министрлігі Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, Солтүстік Аралды сақтау жобасының екінші кезеңін әзірледі. Жоба аясында теңіз деңгейін Балтық жүйесі бойынша 44 метрге дейін көтеру үшін Көкарал бөгетін реконструкциялау көзделген. Соның нәтижесінде су айдынының аумағын 3 913 шаршы шақырымға дейін, ал су көлемін 34 млрд текше метрге дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

Министрлік сондай-ақ Түркістан және Қызылорда облыстарындағы Арал-Сырдария бассейнінің ирригациялық жүйелерін жаңғырту және автоматтандыру бойынша 160-тан астам жобалау-сметалық құжат әзірлеп жатыр. Бұл суды неғұрлым тиімді пайдалануға және үнемделген көлемді Солтүстік Аралға бағыттауға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, Сырдария өзеніндегі су қоймаларының жұмыс режимдерін келісу және мемлекетаралық келісімдерді қатаң сақтау нәтижесінде соңғы үш жылда Солтүстік Арал теңізіне 6 млрд текше метрден астам су келді. Соның арқасында Солтүстік Аралдағы су көлемі 2022 жылдың соңындағы 18,9 млрд текше метр деңгейден 2025 жылдың соңында 23 млрд текше метрге дейін өсті.

"Қазақстанның ХАҚҚ-ға төрағалығы кезеңінде біз Солтүстік Аралды және бүкіл өңірдің экожүйесін сақтауға бағытталған кешенді жұмысты жүргіздік. Су үнемдеуді ынталандыратын тетіктер әзірленіп, енгізілді, ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру басталды, нормативтік-құқықтық база жетілдірілді. Соның нәтижесінде мемлекеттің су саясаты өмірлік маңызы бар ресурсты сақтау мен тиімді пайдалануға бағытталды. ХАҚҚ - сенім мен өзара құрмет қағидаттарына негізделген бірегей өңірлік алаң. Қорға мүше елдердің бірлескен күш-жігерінің арқасында трансшекаралық су ресурстарын басқару және Арал бассейніндегі ахуалды жақсартуға бағытталған бастамаларды ілгерілету бойынша өзара іс-қимыл жолға қойылды. Бүгінгі кездесу - соның тағы бір айқын дәлелі", - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу