Астанада Халықаралық француз мектебінің құрылысы басталды

140

Жоба мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эммануэль Макрон арасындағы келісімдер негізінде жүзеге асырылуда. 

Астанада Халықаралық француз мектебінің құрылысы басталды Фото: MEAE / Emily Bücker

Астанада Қазақстан мен Францияның білім саласындағы ынтымақтастығы аясында Халықаралық француз мектебінің іргетасы қаланды, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Салтанатты іс-шара барысында болашақ лицей жобасы таныстырылып, мектеп кіреберісіне ескерткіш тақта орнатылды. Мектеп пансионы бар, әрі француз және қазақстандық білім беру стандарттарына сай жұмыс істемек.

Іс-шараға Францияның Сыртқы сауда және шетелдегі француздар жөніндегі уәкілетті министрі Лоран Сен-Мартен қатысып, бұл жобаның екі ел арасындағы дипломатиялық байланыстарды нығайтудағы маңызын атап өтті:

"Астанадағы француз мектебі, сондай-ақ жақын арада ашылатын Алматыдағы оқу орны қазақстандық жастарға француз, қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде сапалы білім алуға мүмкіндік береді. Француз үлгісіндегі аттестат түлектерге Франция мен Еуропаның жетекші университеттеріне түсуге жол ашады", - деді министр.

Жоспар бойынша, Халықаралық француз мектебі 2026 жылдың 1 қыркүйегінде алғашқы оқушыларын қабылдайды.

Қазақстанның Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев бұл бастаманы білім саласындағы маңызды оқиға деп атап өтті:

"Бұл тек жаңа мектеп құрылысы емес, Қазақстан мен Франция арасындағы серіктестіктің тереңдей түскенінің көрінісі. Жаңа мектеп архитектурасы мен мазмұны жағынан үлгі болары сөзсіз", - деді министр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу