Астанада Қазақстан драма театрларының фестивалі басталды

622

Фестиваль 23 қазанға дейін жалғасады.

Астанада Қазақстан драма театрларының фестивалі басталды Фото: gov.kz

Биыл көрнекті театр және кино актрисасы Шолпан Жандарбекованың 100 жылдығы. Мерейлі датаға орай Астанада Қазақстан драма театрларының XXVIIІ Республикалық фестивалі басталды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Өнер бәйгесіне ел бойынша түрлі театр ат салысып жатыр. 23 қазанға дейін жалғасатын іс-шараға сараптама кеңесінің шешімі бойынша іріктеуден өткен 10 театр қатысады. Қойылымдарды танымал театр сыншыларынан құралған қазылар алқасы бағалайды.

"Бұл фестиваль – еліміздің мәдени өміріндегі ең ауқымды және маңызды жобалардың бірі. Ол көрермендерді шығармашылық ұжымдармен таныстырып қана қоймай, сонымен қатар жас актерлерге, режиссерлерге және жазушыларға үлкен сахнадан мәлімдеме жасауға мүмкіндік береді. Фестиваль бағдарламасы барынша ауқымды және бұл бізге ең өзекті мәселе бойынша сараптама жүргізуге мүмкіндік береді", – деді Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев фестивалдың ашылу салтанатында.

Министрдің айтуынша, Шолпан Жандарбекованың шығармашылық жолы – сүйікті ісіне адалдық пен нағыз кәсібиліктің жарқын үлгісі.

Фестивальге С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалы-драма театры,  Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры, Ф.Достоевский атындағы Мемлекеттік орыс драма театры, Ақмола облыстық орыс драма театры, Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры, С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры, М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры, Түркістан музыкалық драма театры, Республикалық академикалық неміс драма театры қатысады.

Сондай-ақ фестиваль аясында Шолпан Жандарбекованың шығармашылығына арналған көрме өтіп, "Шолпан-жұлдыз" кітабының тұсауы кесілді. Шараға сахна саңлағының көзін көрген театр қайраткерлері, шәкірттері мен зиялы қауым өкілдері, ұрпақтары қатысып жатыр. Бұдан өзге фестиваль аясында Қазақстанның Халық артисі Қадыр Жетпісбаевтың 80 жылдығына арналған іс-шаралар жоспарланған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу