7–8 қазанда Астанада әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету және жөндеу (MRO), заманауи технологияларды енгізу және авиация саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге арналған Central Asia MRO халықаралық іс-шарасы өтіп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Іс-шара аясында Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастықты дамытуға арналған пленарлық сессия ұйымдастырылды.
Сессияны ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаев пен Ұлыбританияның сауда мәселелері жөніндегі министрі Анас Сарвар ашты.
Кездесуде тараптар екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен оны одан әрі дамыту перспективаларын талқылады. Сонымен қатар әуе қатынасын кеңейту, авиациялық инфрақұрылымды дамыту, әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету және жөндеу, заманауи технологияларды енгізу, инвестиция тарту және бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері қаралды.
Қазақстандағы MRO нарығын дамытуға, отандық авиация мамандарының біліктілігін арттыруға және халықаралық жетекші компаниялармен өзара іс-қимылды кеңейтуге де ерекше назар аударылды.
Қазақстан тарапы Ұлыбританиямен әріптестікті одан әрі нығайтуға және британдық авиакомпаниялар мен авиациялық кәсіпорындарды еліміздегі бірлескен жобаларға тартуға мүдделі екенін атап өтті.