Астанада Қазақстанның тұңғыш Әскери-теңіз күштерінің қолбасшысына құрмет көрсетілді

287

Астанадағы Ұлттық әскери-патриоттық орталықта Қазақстан Қарулы күштерінің ардагері отставкадағы контр-адмирал Ратмир Комратовтың 75 жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Астанада Қазақстанның тұңғыш Әскери-теңіз күштерінің қолбасшысына құрмет көрсетілді Фото: Қорғаныс министрлігі

Концерт залының фойесінде оның өмір жолы мен көпжылдық әскери қызметін баяндайтын тақырыптық көрме ұйымдастырылды. Сондай-ақ қонақтарға контр-адмирал туралы деректі фильм көрсетілді.

Іс-шараға Қорғаныс министрлігінің, Қарулы күштер Бас штабының, Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшылығының басшылығы, әскери қызметшілер, ардагерлер, әскери кафедра курсанттары, сондай-ақ мерейтой иесінің туған-туыстары мен жақындары қатысты.

Қорғаныс министрінің атынан Бас штаб бастығының орынбасары генерал-майор Асқар Жоламанов Ратмир Комратовқа құттықтау хат табыстап, контр-адмиралдың Әскери-теңіз күштерін құруға және елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға қосқан үлесін ерекше атап өтті.

Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы 1-дәрежелі капитан Қанат Ниязбеков оның теңіз инфрақұрылымын дамытуға және әскери кеме жасаудың қалыптасуына қосқан өлшеусіз еңбегіне тоқталды.

– Ратмир Әлімханұлының есімі Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің тарихында мәңгілікке жазылды. Оның кәсібилігі, көрегендігі және әскери борышқа адалдығы арқасында Қарулы күштердің бұл түрінің берік негізі қаланды. Бүгінде оның ісін жаңа буын әскери теңізшілері лайықты түрде жалғастырып келеді, – деді 1-дәрежелі капитан Қанат Ниязбеков.

Өз кезегінде мерейтой иесі көпжылдық қызметке берілген жоғары баға мен көрсетілген құрметке алғысын білдірді.

– Офицер үшін ең үлкен марапат – ел қауіпсіздігі жолындағы қызметінің және Отан қорғаушыларын тәрбиелеуге қосқан үлесінің жемісін көру. Қол жеткізген жетістіктерім – бірге қызмет еткен көптеген әріптестерімнің ортақ еңбегінің нәтижесі. Осы жолда жанымда болған барша жандарға шын жүректен алғысымды білдіремін, – деді Ратмир Комратов.

Салтанатты іс-шара Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың орталық ансамблінің мерекелік концертімен және қатысушылардың естелік суретке түсуімен аяқталды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу