Елорда полицейлері жедел-іздестіру шаралары барысында автокөліктен ақша ұрлады деген күдікпен жас жігітті анықтап, полиция бөлімшесіне жеткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тергеу мәліметінше, күдікті қызыл түсті Volkswagen Vento көлігінің салонына заңсыз кіріп, ішіндегі ақшалай қаражатты жасырын иемденген. Оқиға салдарынан көлік иесіне 200 мың теңге көлемінде материалдық шығын келген.
Жүргізілген кешенді іс-шаралар нәтижесінде күдіктінің жеке басы анықталып, ол ұсталды. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
Тергеу барысында оның елорда аумағында бұрын жасалған ұқсас құқық бұзушылықтарға қатысы бар екені де анықталған.
Полиция тұрғындарды жеке мүліктеріне мұқият болуға шақырып, көлікте бағалы заттарды қалдырмауға кеңес берді.