"Таза Қазақстан" республикалық экологиялық акциясы аясында Астанада санитариялық тазалық пен абаттандыру талаптарының сақталуына бақылау күшейтілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жыл басынан бері жүргізілген рейдтер кезінде 30 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталған.
Кезекті бақылау барысында мердігер ұйымдардың бірі құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін аумақта қалған қоқыс пен құрылыс қалдықтарын уақытылы шығармағаны анықталды. Осыған байланысты компания Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Құқық бұзушылық анықталғаннан кейін ұйымға аумақты қысқа мерзімде тазалау тапсырылды. Нәтижесінде барлық қоқыс пен құрылыс қалдықтары жиналып, шығарылып, учаске ретке келтірілді.
Бұдан бөлек, тағы бір құрылыс компаниясының абаттандыру және санитариялық тазалық талаптарын сақтамағаны белгілі болды. Нысанға іргелес аумақта құрылыс материалдары мен қалдықтары жиналып қалған. Осы дерек бойынша компанияға әкімшілік хаттама толтырылды.
Полиция департаменті абаттандыру және санитариялық тазалық талаптарын сақтауға шақырды. Әрбір кәсіпкерлік субъектісі мен ұйым өзіне тиесілі аумақтың тазалығына жауапты.