Астанада LRT желісінде 3 қылмыстық және 37 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді

428

LRT қызметін күн сайын орта есеппен 70 мыңға жуық жолаушы пайдаланады.  

Астанада LRT желісінде 3 қылмыстық және 37 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді Фото: ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Астанада "Tarlan Astana" LRT желісі іске қосылғалы бері 3 қылмыс және 37 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Қоғамдық тәртіп пен жолаушылар қауіпсіздігін 18 станцияда ауысыммен кезекшілік атқаратын көлік полициясының қызметкерлері қамтамасыз етеді Астана станциясындағы көліктегі полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Беслан Нациевтің айтуынша, күн сайын қосымша полиция жасақтары пойыздар қозғалысы кезінде вагондарды аралап, тексеру жүргізеді.

Тәуліктік кезекшілік құрамында қызметтік иттері бар инспектор-кинологтар да бар. Олар вагондар мен станцияларды тексереді. Осыған байланысты полиция қоғамдық тәртіпті сақтауға, құқық бұзушылықтың алдын алуға және жолаушылар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге ерекше көңіл бөледі.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін LRT нысандары бейнебақылау және дабыл жүйелерімен, сондай-ақ шұғыл байланыс бағандарымен жабдықталған.

Әр вагонның ішінде 8 бейнекамера, ал жылжымалы құрамның сыртында тағы 2 камера орнатылған.

– Осы кезеңде LRT нысандарында үш қылмыс тіркеліп, олардың барлығы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілді. Сонымен қатар 37 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Жиі кездесетін құқық бұзушылықтардың қатарында ұсақ бұзақылық және қоғамдық орындарға алкогольдік масаң күйде келу фактілері бар. Мұндай әрекеттер қоғамдық тәртіпті бұзып қана қоймай, жолаушылардың қауіпсіздігіне де қауіп төндіреді, – деді Астана станциясындағы көліктегі полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Беслан Нациев.

Жуырда "Әуежай" станциясында полиция қызметкерлері алкогольдік масаң күйде қоғамдық тәртіпті бұзған азаматты ұстаған. Ол әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Көлік полициясы жолаушылардың жоғалған заттарын қайтаруға да көмектеседі. LRT іске қосылғаннан бері 200-ден астам жоғалған немесе ұмыт қалған зат иелеріне қайтарылған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу