Астана әкімдігі жеңіл рельсті көлік (LRT) арқылы жүру тарифтері туралы қаулы жобасын жариялап отыр.
Құжат "Ашық НҚА" порталында орналастырылып, қоғамдық талқылауға шығарылған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Құжатта Астанада жолаушылар мен багажды жеңіл рельсті көлікпен тасымалдауға арналған әлеуметтік маңызы бар тұрақты тасымал тарифтері мынадай мөлшерде белгілеу ұсынылған:
- 200 теңге – қолма-қол және қолма-қолсыз төлем кезінде;
- 0 теңге – жеңілдік берілетін көлік картасымен төлеу кезінде.
Сонымен қатар, 2017 жылдың 20 шілдесіндегі Астана қаласы мәслихатының №167/21-VI шешіміне сәйкес, елордада тіркеліп, тұрақты тұратын азаматтардың жекелеген санаттары қоғамдық көлікте жолақы төлеуден босатылған.
Мұнымен қоса, жолақыдан босатудың негізі ретінде электронды атаулы көлік картасының түпнұсқасы ұсынылу керек.
Бұған дейін Астана әкімі LRT өз жұмысын қашан бастайтынын айтқан еді. Яғни, осы жылы LRT жолаушылар тасымалын бастайтыны нақтыланды.
– 9 жылдамдықты көлік дәлізінің іске қосылуы қоғамдық көліктің қарбалас уақыттағы орташа жылдамдығын 30%-ға арттырады. Автобустар қозғалысының интервалын 8 минутқа дейін қысқартады, – деген еді Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек.