Астанада МӘМС қаражатын жымқырған екі адам сотталды

201

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) қорының қаражатын заңсыз иемдену дерегі бойынша екі азаматқа қатысты айыптау үкімін шығарды.  

Астанада МӘМС қаражатын жымқырған екі адам сотталды Фото: astanatv.kz

Сот материалдарына сәйкес, Н. есімді азамат медициналық қызмет көрсететін "ЖШС" ұйымының құрылтайшысы бола отырып, 2023 жылдың сәуір–шілде айлары аралығында МӘМС қорының қаржысын жымқыру мақсатында заңсыз схема ұйымдастырған. Ол азаматтарды өзіне тиесілі медициналық ұйымға жалған түрде тіркеуді жолға қойған, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Қылмыстық әрекетін іске асыру үшін Н. "Ұлттық денсаулық сақтауды дамыту ғылыми орталығының" Астана қаласындағы бөлімшесінде қызмет атқарған А. есімді маманға ақшалай сыйақы ұсынып, азаматтарды тіркеуге қатысты жалған өтініштерді заңсыз мақұлдауды сұраған. Аталған ұсыныспен келіскен А. өзінің қызметтік өкілеттігін пайдаланып, тіркеу өтініштерін негізсіз бекіткен.

Осының салдарынан 15 мыңнан астам азамат медициналық ұйымға жалған түрде тіркеліп, МӘМС қорының қаражаты заңсыз алынған. Сараптама қорытындысына сәйкес, мемлекетке келтірілген залал шамамен 80 млн теңгені құрайды. Оның 7,5 млн теңгесі А.-ның тікелей әрекеттерінен келген материалдық шығын ретінде бағаланған. Заңсыз алынған қаражат екі айыпталушы арасында бөлінген.

Аталған деректер ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы және 190-бабының 3-бөлігінің 1-тармағы бойынша сараланды.

Сот жарыссөзінде мемлекеттік айыптаушы Н.-ға 5 жыл, ал А.-ға 2 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Сотталушылар өз кінәларын толық мойындап, қорғау тарапы оларға шартты жаза қолдануды өтінді.

Сот олардың кінәсі мойындау көрсетулерімен, жәбірленуші тарап пен куәлардың айғақтарымен, сондай-ақ мамандардың қорытындыларымен дәлелденгенін атап өтті.

Жеңілдететін мән-жай ретінде сотталушылардың кәмелетке толмаған балаларының болуы, бұрын сотталмағаны, кінәсін мойындап, шын жүректен өкінуі ескерілді. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

Қылмыстың сипаты мен қоғамға қауіптілік деңгейін, сондай-ақ келтірілген залалдың өтелмегенін назарға алған сот Н.-ны орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеу арқылы 5 жылға бас бостандығынан айырды.

Ал А.-ға 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, амнистия туралы заңға сәйкес жаза мерзімі бестен бір бөлікке қысқартылды. Нәтижесінде оған орташа қауіпсіздік мекемесінде 2 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу