Астанада мас күйінде көлік жүргізудің салдары ескертілді

251

Заң бұзушылықтың сипаты мен салдарына қарай жаза тағайындалады.

Астанада мас күйінде көлік жүргізудің салдары ескертілді Фото: adyrna.kz

Астанада мас күйінде көлік жүргізгені үшін көзделген жауапкершілік түсіндірілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Заң бұзғандарға әкімшілік қамаққа алу, көлік басқару құқығынан айыру және бас бостандығынан айыру жазалары тағайындалуы мүмкін. Кейбір жағдайларда жүргізуші куәлігінен өмір бойына айыру да қарастырылған.

Бұл туралы елордалық Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы Сарайшық ауданы прокуратурасының бөлім прокуроры Мөлдір Жолдасова айтты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Оның айтуынша, алкогольдік немесе есірткілік масаң күйде көлік жүргізгені үшін жауапкершілік Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабында және Қылмыстық кодекстің 345-1, 346-баптарында көзделген.

Жазаның түрі құқық бұзушылықтың сипаты мен салдарына байланысты белгіленеді. 

"Елордада масаң күйде көлік басқарған 40 жастағы тұрғынға 15 тәулік әкімшілік қамаққа алу және жүргізуші куәлігінен 7 жылға айыру жазасы тағайындалған. Тағы бір жағдайда масаң күйде қарсы қозғалыс жолағына шығып, жол-көлік оқиғасын жасаған жүргізуші 8 айға бас бостандығынан айырылып, көлік басқару құқығынан 10 жылға айырылған. Ал бұрын жүргізуші куәлігінен айырылған, есірткілік масаң күйде қайта көлік басқарған азаматшаға 1 жыл бас бостандығынан айыру және көлік басқару құқығынан өмір бойына айыру жазасы тағайындалған.

Құқық қорғау органдары жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылап, профилактикалық және рейдтік іс-шаралар жүргізеді.

Алайда қауіпсіздік әр жүргізушінің жеке жауапкершілігінен басталады. Азаматтарды масаң күйде көлік басқармауға, заң талаптарын сақтауға және жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақырамыз. Ешбір сапар адам өмірінен қымбат емес", – дейді спикер.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу