Олар адал еңбегімен, өнегелі өмір салтымен және бала тәрбиесіндегі үлгілі жолымен ерекшеленген.
Марапаттау рәсіміне Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері, Құрылтай, Қазақстан Халық Кеңесі, Аналар кеңесі мен Әкелер одағының өкілдері, сондай-ақ қоғам қайраткерлері қатысты.
Салтанатты шарада Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев жеңімпаздарды құттықтап, отбасының қоғамдағы орны мен жас ұрпақ тәрбиесіндегі маңызын атап өтті.
Министрдің айтуынша, отбасы – адамгершілік қасиеттер қалыптасып, еңбекке құрмет пен адалдыққа баулу басталатын негізгі орта. Ал үлкендердің өнегесі мен отбасындағы тәрбие болашақ ұрпақтың өмірлік ұстанымына тікелей әсер етеді.
Сондай-ақ Мемлекет басшысының 2026 жылғы 28 қазандағы Жолдауында адами капиталды дамыту, саналы ұрпақ тәрбиелеу және балаға қатысты ортақ жауапкершілікті күшейту мәселелеріне басымдық берілгені айтылды. Бұл ретте отбасы, мектеп, ұстаз және оқушы арасындағы өзара жауапкершіліктің маңызы ерекше.
"Мерейлі отбасы" байқауы отбасылық құндылықтарды дәріптеп, ұрпақтар сабақтастығын сақтап жүрген әулеттердің тәжірибесін көпшілікке таныстыруды көздейді.
Биылғы жеңімпаздар қатарында көпбалалы және бала асырап алған отбасылармен бірге, еңбек пен өнер жолын бірнеше ұрпақ бойы жалғастырып келе жатқан әулеттер де бар. Сонымен қатар туған өлкесінің дамуына үлес қосып, қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысатын отбасылар марапатқа ие болды.
Байқау жеңімпаздарының әрқайсысына арнайы естелік мүсінше және 2 миллион теңгелік сертификат табысталды.
Айта кетейік, "Мерейлі отбасы" ұлттық байқауы 2014 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Оның негізгі мақсаты – отбасылық дәстүрлерді сақтау, ата-ананың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру және өнегелі шаңырақтардың өмір жолын насихаттау.
Осы уақыт аралығында байқауға еліміздің барлық өңірінен 20 мыңнан астам отбасы қатысқан.