Елордада бөтеннің мүлкін бүлдіру фактілерін анықтау және алдын алу жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Құқық қорғау органдары құқық бұзушылықтардың жолын кесуге және қала инфрақұрылымына ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға басымдық беріп отыр.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, Астанада қоғамдық орындар бейнебақылау жүйесі арқылы тұрақты бақыланады. Аялдама павильондары мен өзге де нысандардағы камералар Жедел басқару орталығына қосылған, бұл вандализм әрекеттерін дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар тұрғындарға түсіндіру жұмыстары да жүргізілуде.
Жыл басынан бері елордада мүлікті бүлдірудің 80-ге жуық дерегі тіркелген. Көбіне аялдама павильондары, орындықтар, қоқыс жәшіктері, жарнама құрылымдары, бейнебақылау камералары мен лифт жабдықтары зардап шеккен.
Солардың қатарында кәмелетке толмағандардың қатысуымен болған жағдайлар да бар. Мәселен, тоғыз жасар бала шлагбаумға секіріп, оны сындырып алған. Оқиғадан кейін полиция оның ата-анасын анықтап, келтірілген шығынды өтеуге міндеттеген.
Кейбір жағдайларда аялдама павильондары бүлініп, ішкі жабдықтары зақымданған. Оқиғаларға қатысы бар азаматтар анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылып, кейбіріне қамау жазасы тағайындалған.
Құқық қорғау органдары бөтен мүлікті қасақана бүлдіргені үшін заңнамада жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді. Кінәлілер келтірілген шығынды өтеп, айыппұл төлеуі немесе әкімшілік қамауға алынуы мүмкін.
Полиция тұрғындарды қоғамдық мүлікті қорғауға шақырып, тәртіп бұзушылық фактілері байқалған жағдайда 102 нөміріне хабарлауды сұрайды.