Астана қаласының полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында бөтен мүлікті жасырын жымқыру дерегіне қатысы бар 26 жастағы қала тұрғынын анықтап, ұстады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, күдікті ер адам бұрын жұмыс істеген нысан аумағына еркін кіріп, ешкімге байқатпай "ВВГ 3х2,5" маркалы мыс кабельді жасырын түрде алып шыққан.
Жәбірленушінің арызы негізінде полиция қызметкерлері кешенді жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, қысқа мерзім ішінде күдіктінің жеке басын анықтады. Нәтижесінде ол ұсталып, Астана қаласы Полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің “Ұрлық” бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
Полиция департаменті азаматтарға құрылыс материалдары, кабель өнімдері және өзге де бағалы мүліктерді қараусыз қалдырмауға кеңес береді. Қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтау мүліктік қылмыстардың алдын алуға мүмкіндік береді. Заңсыз әрекет жасаған әрбір азамат заң алдында жауап беретіні ескертіледі.