Астанада спорт саласына еңбегі сіңген 140-тан астам маман марапатталды

133

​Астанада Спорт күніне орай спорт саласының үздіктерін ұлықтауға арналған салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Астанада спорт саласына еңбегі сіңген 140-тан астам маман марапатталды Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Шара барысында отандық спорттың дамуына үлес қосқан ардагерлерге, белгілі спортшыларға, жаттықтырушыларға, сала қызметкерлеріне және спортты ақпараттық тұрғыда насихаттап жүрген БАҚ өкілдеріне құрмет көрсетілді.

Марапаттарды Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов табыстады. Сондай-ақ рәсімге Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова және Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлнәз Көбенова қатысып, сала мамандарын марапаттады.

Салтанатты шарада Ербол Мырзабосынов Қазақстан спортының қазіргі жетістіктеріне тоқталып, бұқаралық және балалар спортын дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту, спортшыларды даярлау жүйесін жетілдіру және жаттықтырушыларды қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті.

"Спорттағы әрбір жетістік – спортшылардың ғана емес, жаттықтырушылардың, ардагерлердің, федерациялар мен спорт ұйымдары қызметкерлерінің ортақ еңбегінің нәтижесі. Бұл іске спортты кеңінен насихаттап жүрген бұқаралық ақпарат құралдарының да қосқан үлесі зор. Бүгінгі марапат – олардың еңбегіне көрсетілген құрмет", – деді министр.

Жиын барысында спорт саласының ардагерлеріне "Еңбек ардагері" медалі табысталды. Ал сала қызметкерлері "Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін", "Спорт саласының үздігі" және "Құрметті спорт қызметкері" төсбелгілеріне ие болды. Бірқатар маманға Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттар берілді.

Жалпы, Спорт күні қарсаңында ел спортының дамуына үлес қосқан 140-тан астам азамат марапатталды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу