Астанада студенттерге арналған жаңа жатақхана ашылды

760

Бүгін елордада Менеджмент, бизнес және білім  колледжі жанында бой көтерген студенттік жатақхананың ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz Elorda.info порталына сілтеме жасап.  

Астанада студенттерге арналған жаңа жатақхана ашылды Фото: elorda.info

Қазіргі таңда Астана қаласы бойынша 34 колледж бар. 32 мың колледж студентінің тек 3 мыңға жуығы жатақханамен қамтылған.

Бес қабаттық студенттер үйінің ашылу салтанатына қатысқан қалалық Білім басқармасының басшысы өз сөзінде әлі 1 мыңнан аса студентке жатақхана керек екенін айтты.

"Бұл колледж жекеменшік екені белгілі. Әдетте мемлекет тарапынан жатақхана салынып жатса, бұл - жекеменшік колледжінің өз студенттеріне арнап салған жатақханасы. Оқу-ағарту министрлігінде мемлекеттік және жекеменшік әріптесікке байланысты қалыптасқан бір жақсы механизм  бар. Жекеменшік мекеме құрылыс жұмыстарын толық өзі өтесе, кейін мемлекет әр студент басына есептеп ақшаны қайтарады. Осы мүмкіндікті колледж әкімшілігі пайдаланды. Бұған дейін бұл колледжде жатақхана болған жоқ. Колледж әкімшілігі студенттер үшін жатақхананы жалға алып келді. Біз әрі қарай қала бойынша жатақхана салу жұмыстарын жалғастыратын боламыз",- деді қалалық білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев.

110 орындық жатақхана іші толығымен жиһаздалған, медициналық кабинет, кезекші оқытушылар мен күзетшілер бөлмесі бар. Кір жуатын  және кептіретін машиналар қойылып, киім үтектейтін орын да қарастырылған. Сондай-ақ демалыс бөлмесі, ас үй, спорт зал, жуынатын бөлмелері бар. Жатақханада интернет және бейнебақылау жүйесі орнатылған.

Айта кетейік, жатақханаға орналасу мемлекеттік қызмет алу тәртібі бойынша жүргізіледі. Әр колледждің өзінде кезекте тұру тәртібі бар. Жатақханада тұру әр студент үшін  айына 15 мың теңгеден айналады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу