Шара Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда өтті, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Айтысқа елге танымал сөз шеберлері қатысты. Орыс, неміс, ұйғыр, қырғыз, корей және басқа да этностардың өкілдері қазақтың төл өнері арқылы ел бірлігі мен ынтымағын жырға қосты.

Өнер додасын ҚР еңбек сіңірген қайраткері, белгілі ақын Аманжол Әлтай жүргізді.
Айтыс барысында ақындар елдегі өзекті тақырыптарды көтеріп, әсіресе заң мен тәртіп қағидаттарының қоғамдағы рөліне ерекше мән берді. Қоғам тұрақтылығы мен дамуының негізі саналатын бұл ұстанымдар жыр арқылы көркем жеткізіліп, көрерменге терең ой салды.
"Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде әділетті қоғам құру, заңның үстемдігін қамтамасыз ету – басты назарда. Биылғы Конституцияға енгізілген өзгерістер де осы бағытты айқындайды. Сондықтан заң мен тәртіп қағидатын нығайту – әр азаматтың міндеті. Бүгінгі айтыста 130-ға жуық этнос өкілі тұратын еліміздің ішінен он төрт этнос өкілі өнер көрсетіп, бірлік пен татулықты жырға қосты. Сонымен қатар заң мен тәртіп мәселесі де терең қозғалып, өлең тілімен көркем өрнектелді. Себебі заң мен тәртіп бар жерде ғана тұрақтылық, даму және береке болады", – деп атап өтті қазылар алқасының мүшесі, ақын Серікзат Дүйсенғазин өз сөзінде.
Аталған айтыс – көпэтносты Қазақстан қоғамындағы бірлік пен өзара құрметтің жарқын көрінісі ғана емес, сонымен қатар ұлттық өнер арқылы заң мен тәртіп қағидаттарын дәріптеудің тиімді алаңы болды.