Жобаны "Креативті индустрияларды дамыту қоры" корпоративтік қоры ұйымдастырды. 27 шілде мен 12 тамыз аралығында еліміздің ұлттық қолөнер саласындағы 10 шебері 8-20 жас аралығындағы 208 қатысушыға дәстүрлі өнердің әдіс-тәсілдерін үйретті.
Іс-шараға қатысқан Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жобаға қатысушыларды құттықтап, тәлімгерлерге, ұйымдастырушыларға, ата-аналарға және жастарға алғысын білдірді. Министр ұлттық нақышқа деген қызығушылықтың дизайн, сән, сәулет, туризм және басқа да креативті салаларда артып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл үрдіс ұлттық қолөнер шеберлері мен жас буынға жаңа мүмкіндіктер береді.
"Қолөнер – халқымыздың тұрмыс-тіршілігін, дүниетанымы мен көркемдік талғамын танытатын баға жетпес мұра. Оны сақтаудың ең тиімді жолы – шеберлікті ұстаздан шәкіртке жеткізу. "Ұлттық қолөнер мектебі" осы сабақтастықты жалғастыруға нақты мүмкіндік беріп отыр. Ендігі мақсат – дәстүрлі өнерді сақтап қана қоймай, оны заманауи бағытта дамыту", – деді Аида Балаева.
Жоба аясында қатысушылар зергерлік өнер, ағаш және тері өңдеу, киіз басу, қыш жасау, кілем тоқу, сүйек ою сияқты 10 бағыт бойынша тәжірибелік сабақтарға қатысты. Бағдарламада инклюзивті білім беруге де басымдық берілді. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған арнайы топ құрылып, сабақтар олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, ұсақ моторикасын жетілдіруге және еңбек дағдыларын қалыптастыруға бағытталды. Қорытынды жиында тәлімгерлер мен жоба түлектеріне сертификаттар табысталып, қатысушылардың авторлық жұмыстары көпшілік назарына ұсынылды. Жобаға қатысу үшін 450-ден астам өтінім түскен.
Байқау нәтижесінде 208 бала мен жасөспірім тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды. Ал тәлімгер шеберлерді іріктеу барысында еліміздің барлық өңірінен 331 өтінім қабылданып, конкурстық комиссия 271 үміткердің арасынан 10 үздік шеберді таңдады. "Ұлттық қолөнер мектебі" ұлттық мәдени мұраны жас ұрпаққа жеткізуге, дәстүрлі өнерді дәріптеуге және оны қазіргі креативті индустрияның маңызды бағыттарының біріне айналдыруға бағытталған.
Жоба балалар мен жастардың шығармашылық қабілетін дамытуға, ұлттық өнерге қызығушылығын арттыруға және болашақта креативті салада жаңа мүмкіндіктерге жол ашуға ықпал етеді.