Астанада ұстаздар жасанды интеллект мүмкіндіктерін сынады

249

Сайысқа елорданың үш мектебінің педагогтері қатысты.  

Астанада ұстаздар жасанды интеллект мүмкіндіктерін сынады Фото: Astana news

Астанада Мұғалімдер күні мен Еңбек күніне орай "Педагог × AI: Болашақ білімі" атты қалалық иммерсивті сайыс өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Оған елорданың үш мектебінің педагогтері қатысып, бес кезең бойынша бақ сынады.

Сайыста мұғалімдердің кәсіби тәжірибесі мен жасанды интеллект мүмкіндіктері салыстырылып, технологияны білім беру үдерісінде тиімді пайдалану жолдары көрсетілді.

Білім додасында №13, №15 және №17 мектептердің құрама командалары өнер көрсетті. Қатысушылар екі топқа бөлініп, дәстүрлі педагогикалық тәсілдер мен жасанды интеллект құралдарын салыстырып, өз ұстанымдарын қорғады.

Сайыс барысында педагогтер теориялық білімін ғана емес, нақты жағдайларда шешім қабылдау, оқушылармен және ата-аналармен тіл табысу, күрделі ақпаратты қарапайым әрі түсінікті жеткізу қабілеттерін де көрсетті.

Іс-шарада ұстаздардың қоғамдағы рөлі, білім беру саласына жасанды интеллектіні енгізу және заманауи технологияларды оқу үдерісінде пайдалану мәселелері талқыланды.

Астана қаласы әкімдігінің Әдістемелік орталығының әдіскері Ерғазы Манапұлы мұндай жобалар педагогтердің кәсіби дамуына жаңа мүмкіндік беретінін атап өтті.

"Ең әуелі еліміздегі барша ұстаздар қауымын алда келе жатқан кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Жасанды интеллект тақырыбына арналған бүгінгі іс-шара мазмұнды, жан-жақты әрі тартысты өтті. Осы іс-шара арқылы әр қатысушы өзіне қажетті тың ақпарат пен тәжірибе алды деп ойлаймын. Бүгінгі іс-шараның басты ерекшеліктерінің бірі – мұғалімдер сайысына оқушылардың баға беруі.
Мұның өзі білім беру саласындағы жаңашыл көзқарастың көрінісі деп есептеймін", – деді Астана қаласы әкімдігінің Әдістемелік орталығының әдіскері Ерғазы Манапұлы.

Іс-шарада білім беру жүйесі технологиямен бірге өзгергенімен, мұғалім мен оқушы арасындағы байланыстың маңызы сақталатыны айтылды. Ұйымдастырушылардың пайымынша, жасанды интеллект педагогті алмастыруға емес, оның мүмкіндігін кеңейтіп, білім сапасын арттыруға бағытталуы керек. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу