Астанада көлік полицейлері Қазақстанда қажетті құжаттарсыз жұмыс істеген үш шетел азаматын анықтады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Астана станциясының теміржол вокзалы аумағында полиция қызметкерлері 22, 28 және 33 жастағы шетел азаматтарын ұстады. Олар еңбек қызметін жүзеге асыруға қажетті құжаттарсыз құрылыс нысанында жұмыс істеген.
Сот шешімімен үш құқық бұзушы да Қазақстан аумағынан шығарылды.
Жыл басынан бері Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері көші-қон заңнамасын бұзған 3043 шетел азаматын әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Оның ішінде 2801 адам Қазақстанда болу қағидаларын бұзған. Сот шешімі бойынша 837 шетел азаматы ел аумағынан шығарылды.
Көлік полицейлері шетел азаматтары Қазақстанда болу және еңбек қызметін жүзеге асыру талаптарын сақтауы қажет екенін ескертеді.