Астанада жарық сөнген уақытта 72 жастағы әйел қайтыс болған

317

29 қазан күні Астанада жарық өшіп, 100 мың адам жарықсыз қалған. 

Астанада жарық сөнген уақытта 72 жастағы әйел қайтыс болған Фото: Ашық дерек көздерінен

Жарты сағат бойы жарықсыз отырған қалада бағдаршамдар істен шығып, ауруханалардың бірінде дәрігерлер әбігерге түскен бейнежазба тарады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Дегенмен Астана әкімдігінің хабарлауынша, ауруханалар мен перзентханаларда оқыс жағдайлар тіркелмеген. Тұрғындармен байланысқа шыққан қала әкімі Жеңіс Қасымбек жарық 30 минут ішінде қосылатынын хабарлады.

"Коммуналдық қызметтер Астанадағы апатты жою бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Елордада үйлердің бір бөлігі желілердегі апатқа байланысты электр қуатынсыз қалды. Алдағы минуттарда бүкіл қала бойынша электр желісі қалпына келтіріледі. Коммуналдық қызметтер елордада электрмен жабдықтауды қалпына келтіру жұмысын жүргізуде. 4 қосалқы станция қосылған: ВПР, Жұлдыз, Шығыс және Степная. Әуежай қосалқы станциясын қосу жұмысы жүргізілуде, содан кейін бүкіл қала бойынша электр қуаты қалпына келтіріледі", – делінген баспасөз хабарламасында.

72 жастағы әйел қайтыс болды

Баспасөз бетінде төтенше жағдай кезінде тұрғын-үйдің бірінде өрт шығып, өрттен 72 жастағы әйелдің қайтыс болғандығы хабарланды. 

"Өрт елорданың жарықсыз, сусыз қалған кезде тұтанған. Оқиға туралы 00:22-де хабарланды. Бес қабатты тұрғын үйдегі пәтердің бірінші қабатында 18 шаршы метр аумақта жеке заттар мен жиһаздар жанып кеткен.1951 жылы туған әйелдің мәйіті табылды. Үйдің жоғарғы қабаттарынан 51 тұрғын эвакуацияланды, оның 14-і бала. Өртті 16 құтқарушы төрт техниканың көмегімен сөндірді. Өрт сағат 00:44-те сөндірілді. Өрттің шығу себебі әлі анықталған жоқ", – деп хабарлады press.kz порталы.

Басылымның хабарлауынша, жарық сөнген кезде Астанада 11 жол-көлік оқиғасы тіркелген.

Дегенмен аталған жайтқа қатысты құзырлы орындар тарапынан қандай да бір мәлімдеме жасалған жоқ. Сонымен қатар 30 қазан күні елордадағы тосын жағдайға қатысты өткен брифингте де кісі өліміне қатысты ақпарат айтылмады.

Тұрғындардың 20 пайызы жарықсыз қалды

Баспасөз жиынында Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің төрағасы Сұңғат Есімханов қаланың 20 пайызға жуығы жарықсыз қалғанын атады. 

"Электр қуатының 30 минут болмауы да көп уақыт. Астанада жарықты тұтынатын 500 мыңнан аса абонент бар. Соның шамамен 100 мыңы жарықсыз қалды. Қаланың шамамен 20%-ында электр қуаты болмады. Барлық шара қабылданды, – деді Сұңғат Есімханов қала әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында.

10 подстанция істен шыққан

Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Нұркенов төтенше жағдайдың неден болғанын түсіндірді.

"Кеше кешкі сағат 21:57-де қаланы жарықпен қамтамасыз ететін 10 подстанция істен шықты. Салдарынан негізінен Астананың оң жағалауы электр қуатынсыз қалды. 23:00-де аэропорттағы подстанция іске қосылды. Содан кейін сағат 23:10-да Байтеректегі подстанцияға электр қуаты берілді. Түнгі 2:00-ге дейін барлық подстанция жұмыс істеді", – деді ол.

Нұрлан Нұркенов қаладағы №2 жылу электр орталығында техникалық ақау болмағанын атап өтті.

"№2 ЖЭО штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Апат электр желілерінде болған. Қарапайым сөзбен айтсақ, кабель үзіліп, шкафтардың бірі жанған. Бұл – штаттан тыс жағдай. Апаттың салдары 5 сағатта жойылды. Түнгі сағат 2-де барлық абонентке электр энергиясы берілді", – деді орынбасар.

Сондай-ақ ол кейбір ауруханаларда жарық болмағанын растады. Алайда жағдай бақылауда болған.

"Әрине, соңғы 2 сағатта қаланың оң жағалауындағы кейбір әлеуметтік нысандарда электр энергиясын беруде шектеу болды. Медициналық мекемелерде жарықты өшіру дерегі тіркелді. Барлық медициналық объектіде дизель-генераторлар іске қосылып, энергиямен қамтамасыз етілді. Төтенше жағдай кезінде реанимация және операциялық блоктарда дизель-генераторлар жұмыс істейді. Осылайша, оларға жарық беріледі. Медициналық мекемелердің қызметіне қауіп төнбеді", – деді Нұрлан Нұркенов.

Арнайы комиссия құрылды

Мамандардың айтуынша, аталған жағдайға байланысты арнайы комиссия құрылған. Комиссия құрамына барлық мүдделі мемлекеттік орган мен сарапшылар енді.

"10 күннің ішінде комиссия жұмысты аяқтайды. Оның қорытындысын жариялаймыз", – деді комитет төрағасы.

Сонымен қатар электр жарығы өшкен уақытта Астананың кей аудандарында су берілуі де тоқтап қалды.

"Кеше сумен жабдықтаудың бұзылуы болды. Бұл негізінен қаланың оң жағалауында болды. Елордада барлық сорғы-сүзгі станциялары Алматы ауданында орналасқан. Әрине, электр қуатын шектеген кезде, сорғы жабдықтары да бірнеше сағат бойы кідіріп тұрды. Бұл сумен жабдықтауға әсер етті. Өткен түні барлық мәселелер шешілді. Сумен жабдықтау толығымен реттелді", – деді Астана қаласының коммуникациялар қызметіндегі онлайн-брифингте елорда әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Нұркенов.

Айта кетелік, бұған дейін 2019 жылы 10 қарашада Астананың (ред. - Нұрсұлтан) сол жағалауындағы 25 нысан мен 7 тұрғын үй кешені электр жарығынсыз қалған. 

Сондай-ақ 2022 жылы да ауа райының қолайсыздығынан сол кездегі Нұрсұлтан қаласы тағы да жарықсыз қалған еді. Қатты екпінді жел мен жауын-шашын салдарынан қалада электр желілері үзіліп, алты жедел топ пен жеті аудандық бригада жұмылдырылған болатын. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу