Астанада жазғы веломаусым ашылды

117

Дәстүр бойынша жаппай велошеру ұйымдастырылды.

Астанада жазғы веломаусым ашылды Фото: Астана қаласының әкімдігі

Астанада "Таза Қазақстан" республикалық акциясы мен "Заң мен тәртіп" қағидаты аясында жазғы веломаусымның ашылуы өтті, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Велошерудің қашықтығы 21 шақырымды құрады. Қатысушылар айналма веложолдан Қосшы қаласы бағытына қарай жүріп, Ильинка (Үркер) тұрғын алабындағы "Жасыл белдеу" паркінде мәреге жетті. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, іс-шараға мыңнан астам адам қатысты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, велошерулер халықты тұрақты спортқа тартудың тиімді құралы болып отыр.

"Негізгі мақсат – тұрғындарды бұқаралық спортқа, әсіресе велоспортқа тарту, оны қолжетімді демалыс түріне айналдыру. Іс-шара барысында қатысушыларға жолда жүру ережелері мен қалада жаттығу мүмкіндіктері де түсіндіріледі. Мұндай бастамалар қауіпсіз әрі белсенді өмір салтын қалыптастыруға ықпал етеді. Маусым ішінде тағы бірнеше жарыс өткізу жоспарланған, ал дәстүрлі жабылу іс-шарасы күзде өтеді", – деді спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Ержігіт Өсербай.

Қатысушылардың айтуынша, мұндай шаралар тек спорт алаңы ғана емес, сонымен қатар мотивация көзіне айналған.

"Мен велошерулер мен жүгіру жарыстарына үнемі қатысамын, әр жолы ерекше әсер аламын. Белсенді өмір салтын таңдаған адамдардың көптігін көру – үлкен мотивация. Осындай шаралар спорттың күнделікті өмірдің бір бөлігіне айнала алатынын көрсетеді", – деді елорда тұрғыны Абылайхан Төлегенов.

Қатысушылар қатарында жас спортшылар да бар. Олар үшін мұндай велошерулер жаттығу процесінің бір бөлігіне айналған. Бұл – төзімділікті арттырудың тиімді жолы.

Қазақстан құрамасының биатлоншысы, 12 жастағы Абай Жұмабек түрлі дайындық түрлерін қатар алып жүреді. Оның айтуынша, велошеруге қатысу маусымаралық кезеңде спорттық форманы сақтауға көмектеседі.

"Мен биатлонмен айналысамын, сондықтан жыл бойы формада болу маңызды. Қыста – шаңғы, жазда – велосипед. Осындай жарыстар төзімділікті жоғалтпауға көмектеседі. Мұнда ұйымшылдық жоғары, маршрут та қызықты. Бұл тек жаттығу ғана емес, сонымен бірге жақсы көңіл күй сыйлайды", – деді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу