Іс-шараға қаланың жетекші жұмыс берушілері, жастар, тәжірибелі мамандар, сондай-ақ жұмыс іздеп жүрген немесе кәсіби бағытын өзгерткісі келетін азаматтар жиналды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Жәрмеңкеге ірі компаниялар мен қала тұрғындары тарапынан айтарлықтай қызығушылық байқалды. Іс-шарада экономиканың түрлі салаларынан 50 жұмыс беруші мен серіктес 536 бос жұмыс орнын ұсынды. Ұсынылған жұмыс орындарындағы жалақы мөлшері 250 мыңнан 500 мың теңгеге дейін болды.
Ұсынылған бос жұмыс орындары өнеркәсіп пен қызмет көрсету саласынан бастап, IT-технологиялар мен саудаға дейінгі түрлі бағыттарды қамтыды.
Жұмыс іздеушілерге оқу орындарының түлектері мен жастардан бастап, мол еңбек тәжірибесі бар мамандарға дейінгі азаматтардың әртүрлі санатына арналған көптеген бос жұмыс орны ұсынылды.
Іс-шара барысында сарапшылар мен кадр қызметтерінің өкілдері елордадағы жұмыспен қамту жағдайының аралық қорытындысын шығарды.
Жұмыс берушілер арасында білікті жұмысшы мамандарға, инженерлерге, сондай-ақ қызмет көрсету және білім беру саласының мамандарына сұраныс жоғары екені анықталды.