Астанада жұмыс орнынан 6 ноутбук ұрлаған менеджер қолға түсті

127

Бір ноутбуктың құны шамамен 250 мың теңгеден асады.   

Астанада жұмыс орнынан 6 ноутбук ұрлаған менеджер қолға түсті Фото: habr.com

Астана қаласында Есіл аудандық криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында бөтеннің мүлкін жымқырған 27 жастағы күдіктіні қолға түсірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Тергеу барысында анықталғандай, күдікті автомектепке жарнама жасап, клиент тартумен айналысатын мекемеге менеджер болып жұмысқа орналасқан.

Бір апта ішінде сенімге кіріп, жұмыс орнынан 6 ноутбукты жасырын түрде ұрлап кеткен. Әр ноутбуктың құны шамамен 250 мың теңгеден асады. Кейін ол ұрланған техникаларды ломбардқа өткізіп, түскен қаражатты жеке басының қажетіне жұмсаған.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, күдікті құмар ойындарға тәуелді болған. Жедел шаралардың нәтижесінде күдікті қаладағы қонақүйлердің бірінде ұсталды. Ол өз кінәсін толық мойындады.

Ұрланған ноутбуктар тәркіленіп, заңды иелеріне қайтару жұмыстары жүргізілуде.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу