Астанадағы басты музейге "ұлттық" мәртебесі берілді

201

Жарлыққа Қазақстан Президенті қол қойды.  

Астанадағы басты музейге "ұлттық" мәртебесі берілді Фото: nmrk.kz

Астанадағы Қазақстанның Ұлттық музейіне "ұлттық" мәртебесі берілді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

"Мемлекет басшысы елдің тарихи-мәдени мұрасын сақтау мен ұлттық құндылықтарды ұлықтау ісіне айрықша мән беріп келеді. Жаңа мәртебе Ұлттық музейдің Орталық Азиядағы ең ірі музей әрі еліміздің жетекші мәдени-ағартушылық орталықтарының бірі екенін айғақтай түседі", – деп хабарлады Ақпарат және мәдениет министрлігінің баспасөз қызметі. 

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі – еліміздің ең ірі және заманауи мәдени мекемелерінің бірі. Мұражай Тәуелсіз Қазақстанның тарихын, мәдениетін және рухани мұрасын жан-жақты таныстырады. Көрмелер залдарында ежелгі және орта ғасырлар кезеңіне тән археологиялық олжалар, этнографиялық экспонаттар, өнер туындылары, сондай-ақ Тәуелсіздік дәуірінің құжаттары мен жәдігерлері ұсынылған. Ұлттық музей – бұл тарих пен заманауи технологияның тоғысқан орны, отансүйгіштік пен ұлттық бірегейлікті нығайтатын білім беру орталығы.

Бүгінде оның қорында елдің тарихы, мәдениеті мен өнері туралы сыр шертетін 175 мыңнан астам жәдігер сақталған. Музей Тәуелсіздік алаңындағы сәулеттік ансамбльді толықтырып тұр – мұнда "Қазақ елі" монументі, Бейбітшілік және келісім сарайы, Ұлттық өнер университеті және "Хазрет Сұлтан" мешіті орналасқан.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу