Астанадағы "Керуен" СОО жанындағы жер мемлекет меншігіне қайтарылуы мүмкін

151

Қазіргі уақытта іс сот қарауында.

Астанадағы "Керуен" СОО жанындағы жер мемлекет меншігіне қайтарылуы мүмкін Фото: informburo.kz

Астана қаласы прокуратурасы "Керуен" сауда орталығы маңындағы жер телімдерін сату заңдылығын тексеру қорытындысына қатысты сотқа талап-арыз берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Есіл ауданы прокуратурасы 2025 жылғы 1 шілдеде Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотына Достық көшесі, №7 және №7/1 мекенжайында орналасқан жер учаскелерін сату-сатып алу шарттарын жарамсыз деп тану және оларды қаладағы арнайы жер қорына қайтару туралы талап-арыз түсірген.

Бұған дейін сот шешімімен Достық көшесіндегі №7 (0,2218 га) және №7/1 (1,0965 га) жер телімдері мақсатты пайдаланылмағаны үшін заңды тұлғалардан алынған.

Аукцион нәтижесінде 2023 жылғы қыркүйек пен қарашада №7 учаске жеке тұлғаға 68 млн теңгеге, ал №7/1 учаске заңды тұлғаға 176,9 млн теңгеге сатылған.

2024 жылғы наурызда әкімдік қаулысымен бұл жерлер мемлекеттік мұқтаждыққа алынатын аумақтарға енгізілген. Олардың нарықтық құны 1 млрд теңгеден асқан. Алайда бұл сома бюджеттен төленбеген, себебі қалалық мәслихат сатып алу жобасын мақұлдамаған.

Кейін депутаттар 2023 жылы 175 млн теңгеге сатылған жерді мемлекет 1 млрд теңгеден аса сомаға қайта сатып алуы мүмкін екеніне наразылық білдірді. Осыған байланысты депутаттардың бірі аукцион заңдылығын тексеру үшін прокуратураға жүгінген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу