Тұрғындар тарапынан "Сұңқар", "Лашын", "Аспан" және "Тарлан" секілді бірнеше атау ұсынылған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қала билігінің түсіндіруінше, әлемнің көптеген елінде қоғамдық көлік жүйелеріне қаланың мәдениеті мен ерекшелігін айқындайтын қысқа әрі есте сақталатын атаулар беріледі. Ал LRT атауы көлік жүйесінің техникалық сипаттамасын ғана білдіреді.
"Тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасы" басшысының міндетін атқарушы Досжан Исабектің айтуынша, қоғамдық ұйымдардан бірқатар ұсыныс түскен.
"Қалалық ономастика комиссиясының отырысында Астана LRT жеңіл рельсті көлік жүйесіне "Тарлан Астана" атауын бір ауыздан қолдады", – деді Досжан Исабек.
Ұсыныс Республикалық ономастикалық комиссияға қарау үшін жіберіледі. Мамандардың пікірінше, жаңа атау елорданың көлік жүйесін бренд ретінде дамытуға және тұрғындар мен туристер үшін оны танымал етуге ықпал етеді.
Айта кетейік, Астанада LRT нысандарында қауіпсіздік шаралары күшейтілді.