Астанадағы "TANYM" кешенінде 2 мыңнан астам бала білім алып жүр

452

Кешенде 27 үйірме мен секция жұмыс істейді.

Астанадағы "TANYM" кешенінде 2 мыңнан астам бала білім алып жүр Фото: «TANYM» көпфункционалды кешені

Астанадағы "TANYM" көпфункционалды кешенінің басшысы Гульфара Сарамбетова балалар арасында қай үйірмелерге сұраныс жоғары екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"TANYM" көпфункционалды кешені – заманауи қосымша білім беру орталығы.

"Кешеннің жалпы ауданы – 12 225 шаршы метр. Бір мезгілде 750 баланы қабылдауға арналған. Мұнда қосымша білім берудің алты бағыты бойынша 33 балалар бірлестігінің жұмыс істеуі жоспарланған. Атап айтқанда, көркемдік-эстетикалық бағытта хореография, заманауи би, вокал, домбыра, фортепиано, гитара, актерлік шеберлік және бейнелеу өнері бойынша үйірмелер қарастырылған. Сонымен қатар балалар спорттық, ғылыми-техникалық, жаратылыстану-ғылыми, әлеуметтік-педагогикалық және сәндік-қолданбалы бағыттарда білім ала алады", – деді Гульфара Сарамбетова редакция тілшісінің сауалына берген жауапта.

Оның айтуынша, кешенде 27 үйірме мен секция жұмыс істейді. 143 оқу тобына біріктірілген 2076 бала білім алып жатыр.

"Біздің басты ұстанымымыз – дайын талантты ғана таңдау емес, әр баланың бойындағы дарынды ашу. Сондықтан үйірмелерге қабылдау кезінде баланың қызығушылығы мен жас ерекшелігі ескеріледі. Кейбір мамандандырылған бағыттарда бастапқы қабілетін анықтау жүргізілуі мүмкін. Дегенмен кешен өз қабілетін дамытқысы келетін әрбір балаға мүмкіндік беруді мақсат етеді. Үйірмелердің басым бөлігі мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында тегін ұйымдастырылған. Ақылы қосымша білім беру қызметтері де қарастырылған", – деп түсіндірді спикер.

Балалар арасында қай үйірмеге сұраныс жоғары?

"TANYM" көпфункционалды кешенінің басшысының пікірінше, бүгінде балалар мен ата-аналардың қызығушылығы сан алуан. Дегенмен спорттық және шығармашылық үйірмелерге сұраныс жоғары екенін байқалып отыр. Әсіресе, футбол, жүзу, шахмат, жекпе-жек түрлері, сондай-ақ домбыра, вокал, би және бейнелеу өнері бағыттары балалар арасында кеңінен сұранысқа ие.

"Сонымен қатар соңғы уақытта робототехника, IT технологиялары, графикалық дизайн және инженерлік бағыттарға деген қызығушылық артып келеді. Бұл қазіргі балалардың тек өнер мен спортқа ғана емес, жаңа технологияларды меңгеруге де ұмтылатынын көрсетеді. Біз үшін ең маңыздысы – баланың өз қалауымен таңдаған ісіне қызығушылықпен қатысуы. Өйткені қызығушылық бар жерде ізденіс, ал ізденіс бар жерде нәтиже болады", – деп атап өтті ол.

Кешенде 40 педагог маман еңбек етеді.

"Біздің ұжымда өнер, спорт және ғылыми-техникалық бағыттар бойынша кәсіби даярлығы бар мамандар қызмет атқарады. Олардың арасында балаларды түрлі деңгейдегі шығармашылық байқаулар мен спорттық жарыстарға дайындап жүрген тәжірибелі педагогтер бар. Біз педагогтердің кәсіби дамуына, жаңа әдістемелерді меңгеруіне және шығармашылық ізденістеріне ерекше көңіл бөлеміз. Себебі баланың жетістігі – оның таланты мен еңбегінің, педагогтің кәсіби шеберлігі мен қолдауының ортақ нәтижесі", – деді кешен басшысы.

Орталықтың тәрбиеленушілері қазірдің өзінде қалалық, республикалық және халықаралық деңгейдегі байқауларда жақсы нәтижелер көрсетіп отыр. Мәселен, "Тоғжан" би ансамблінің жоғары тобы XVII халықаралық "Grand Star Fest" байқауында "Ақ кербез" биімен Гран-при жеңіп алды. Ал ансамбльдің орта және кіші топтары халықаралық "UniStar Astana" байқауында І орындарды иеленді. "Dance Unity" заманауи би ансамблінің де жетістіктері ерекше. Ұжым "CREATIVE KZ" көпжанрлы өнер байқауында І және ІІ дәрежелі лауреат атанды. "Ғажайып қарлығаштар" байқауында екі І орын, "International Art Festival Dream BIC" халықаралық фестивалінде екі І орын мен Гран-при жеңіп алды. Ал республикалық "Болашақ нұры" байқауында бірден үш Гран-приге ие болды.

"Вокал бағыты бойынша да қуанышты жаңалықтарымыз бар. 2026 жылғы 30 қазанда өткен "Сердце сцены" халықаралық байқауында тәрбиеленушілеріміз І, ІІ және ІІІ орындарға ие болса, 8 қарашада өткен "Золотое яблочко" бүкілресейлік байқау-фестивалінде Гран-при, І және ІІ орындарды жеңіп алды. Сонымен қатар "Жас музыканттар" байқауында Рашит Алияр мен Мұхтар Аяла І орын, Олжа Самира, Абдрахманова Айсана, Арманұлы Әмір және Қалымбет Айару ІІ орын иеленді. Әрине, біз үшін әрбір марапат маңызды. Бірақ ең үлкен жетістік – баланың сахнаға сенімді шығып, өз өнерін көрсете алуы, еңбегінің нәтижесін сезінуі. Біздің мақсатымыз – тек жеңімпаздарды тәрбиелеу емес, өнерді сүйетін, өзіне сенімді, шығармашыл тұлға қалыптастыру", – деді Гульфара Сарамбетова.

Кешенде хореография залдары арнайы би станоктарымен, айналармен және музыкалық аппаратурамен жабдықталған. Вокал және аспаптық өнер кабинеттерінде фортепиано, домбыра, гитара және дыбыстық құрылғылар бар. Бейнелеу өнері, сәндік-қолданбалы шығармашылық және керамика кабинеттерінде балалар өз идеяларын тәжірибе жүзінде жүзеге асыра алады. Ал ғылыми-техникалық бағытта заманауи компьютерлер, робототехника жиынтықтары және инженерлік дағдыларды қалыптастыруға арналған жабдықтар пайдаланылады. Бұдан бөлек орталықта LED экранмен, заманауи дыбыс және жарық жүйелерімен жабдықталған концерттік зал, спорт залдары мен бассейн де қарастырылған.

"Алдағы жоспарларымыз ауқымды. Негізгі мақсат – "TANYM" кешенін ғылым, өнер, спорт және инновация тоғысқан заманауи білім беру орталығына айналдыру. Ең алдымен жоспарланған балалар бірлестіктерінің жұмысын кезең-кезеңімен іске қосып, қосымша білім беру мүмкіндіктерін кеңейтуді көздеп отырмыз. Басым бағыттардың бірі – ғылыми-техникалық және жаратылыстану-ғылыми білім беру. Атап айтқанда, робототехника, STEM, 3D модельдеу, инженерия, аквапоника және гидропоника бағыттарын дамыту жоспарланған. Сондай-ақ ЖИ мен цифрлық технологияларды білім беру процесіне енгізу, балалардың зерттеушілік және жобалық қабілеттерін дамыту маңызды міндеттердің бірі болып отыр", – деді "TANYM" көпфункционалды кешенінің басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу