12-13 тамызда Астанадағы "Қазанат" атшабарында жамбы атудан "Алтын жебе" халықаралық турнирі өтеді. Жарысқа әлемнің 25 елінен 50 жуық спортшы келеді. "Алтын жебе" халықаралық турниріне елімізден бес спортшы бақ сынайтын болады деп хабарлайды ortcom.kz
Жамбы ату ережесі бойынша, атпен шауып келе жатып жігіттер екпінін бәсеңдетпестен құрулы бақан үстіндегі нысананы атып құлатуға тиіс. Мергендік пен төзімділікті сынайтын қазақ халқының ұлттық ойынын жастар арасында қайта жаңғырту керек дейді ұйымдастырушылар.
Сонымен қатар, жамбы атуға енді жасөспірімдер мен қыз балаларды дайындау дәстүрі алға қойылмақ. Астанада өтетін халықаралық турнирге тұңғыш рет Моңғолиядан қыз бала қатысқалы отыр деді ұйымдастырушылар.
Жүлде қоры қомақты, қатысушыларға бес орынға дейін бәйге бар. Бас жүлде 1,5 млн теңгені құрайды.