Астанадағы "Келешек мектептерінің" директорлары білім беру жүйесінде жасанды интеллект технологияларын енгізу тәжірибесін меңгеру мақсатында Қытайда біліктілікті арттыру курсынан өтуде, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазіргі таңда Үрімші қаласындағы Шыңжаң педагогикалық университетінде "Жасанды интеллект технологияларын білім беру үдерісінде пайдалану" тақырыбында халықаралық оқу бағдарламасы өтіп жатыр.
Бағдарламаға Астана қаласындағы №99, №100, №101, №114 және №115 "Келешек мектептерінің" директорлары қатысуда. Делегацияны Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Гүлшат Тоқтасынқызы бастап барды.
Бір апталық курс барысында қатысушыларға цифрлық білім беру экожүйесі, инновациялық педагогикалық технологиялар және мектепті басқарудағы заманауи шешімдер бойынша дәрістер оқылып, жасанды интеллект құралдарын оқу үдерісіне енгізу тәжірибесі көрсетілуде.
Сонымен қатар бағдарлама аясында мәдени-гуманитарлық іс-шаралар ұйымдастырылып, қатысушылар Қытайдың тарихы мен мәдениетімен танысуда.
Халықаралық курс білім беру саласындағы басқару сапасын арттыруға және жасанды интеллект технологияларын тиімді енгізуге бағытталған.