14 тамызда сағат 16:43 шамасында Астана–Щучинск автожолындағы "Щучинск" ақылы жол учаскесіне кіреберісте "Газель" автокөлігі өртенді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Өртке байланысты жолдың бір жолағындағы көлік қозғалысы уақытша тоқтатылды. Оқиға орнына Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері жедел жетіп, жалынды толық сөндірді. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Қазір аталған учаскеде көлік қозғалысы қайта жанданды. Өрттің нақты шығу себебі анықталып жатыр.
"ҚазАвтоЖол" мамандары жүргізушілерге көліктің техникалық жағдайын тұрақты бақылауда ұстауды ескертті.
Автокөлікті белгіленген мерзімде техникалық байқаудан өткізіп, қажетті жөндеу жұмыстарын уақытылы жүргізу маңызды. Әсіресе электр сымдарына, жанармай жүйесіне, қозғалтқыш пен аккумулятордың жағдайына мұқият болған жөн. Алыс жолға шығар алдында көліктің техникалық жарамдылығын тексеріп, өрт сөндіргіштің бар-жоғын және жарамдылық мерзімін бақылау қажет.
Мамандардың айтуынша, техникалық тұрғыдан жарамды автокөлік – жүргізуші мен жолаушылардың ғана емес, жолдағы барлық азаматтың қауіпсіздігінің маңызды кепілі.