Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев астықты өңірлерде егін жинауға қолайсыз ауа райы күтілетінін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Синоптиктердің болжамы бойынша қыркүйек айының жиырма үшінен отызына дейін еліміздің астық егетін аймақтарында егін жинауға жайсыз ауа райы күтіледі. Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарының басым бөлігінде осы кезең бойы жаңбыр күтілуде. Ақтөбе облысында қыркүйектің 26-сы мен 30-ы жаңбыр. Батыс Қазақстан облысында қыркүйектің 25-cі мен 29-ы аралығында, Қарағанды, Ұлытау облыстарында қыркүйектің 23-і, 27-сі мен 30-ы аралығында, Павлодар облысында қыркүйектің 23-і мен 25-cі, 28-і мен 30-ы аралығында – жаңбыр", – деді вице-министр.
Еліміздің шығысында қыркүйектің 23 мен 24, 29 мен 30-ында жаңбыр күтіледі.
"Жауын-шашын күндері қатты жел соғады. 23 және 30 қыркүйек аралығында күндізгі және түнгі температура біртіндеп төмендеп, түнгі уақытта аяз түсуі мүмкін. Еліміздің басым бөлігінде, қазан айының орташа айлық ауа температурасы қалыпты деңгейде болады. Ал батыста, оңтүстік-батыста және оңтүстік бөлігінде әдеттегіден жылы болады", – деді Нұркен Шәрбиев.
Жаңбыр еліміздің батыс, солтүстік, шығыс және оңтүстік-шығыстағы таулы жерлерде бір ай бойы жиі жаууы ықтимал.
Айта кету керек, бұған дейін биыл 24 млн тонна астық жиналатынын жазған едік.