Астықтың бітік шығуы егіс науқанын сапалы жүргізуге байланысты – Үкімет басшысы

228

Диқандар өңірлердің нақты жоспарларынан бейхабар.

Астықтың бітік шығуы егіс науқанын сапалы жүргізуге байланысты – Үкімет басшысы Фото: Үкімет

 

Егіс науқанының елдің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей қатысы бар. Бұл туралы Премьер-Министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Биылғы астықтың бітік шығуы егіс науқанын сапалы әрі уақтылы жүргізуге байланысты. Бұл – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей қатысы бар маңызды науқан. Көктемгі егіс жұмыстарын ойдағыдай өткізу үшін Үкімет қажетті шараларды қабылдады. "Кең Дала" бағдарламасы бойынша жеңілдікпен 140 млрд теңге кредит беріледі. Сондай-ақ жергілікті бюджеттерден қосымша 100 млрд теңге бөлінеді", - деді Үкімет басшысы.

Оның сөзінше, бұл қаржы көздері көктемгі науқандық жұмыстар мен күзгі егін орағына қосымша 425 млрд теңге жеңілдікті несие бағыттауға мүмкіндік береді. Жеңілдетілген бағамен 340 мың тонна дизель отынын бөлу жоспарланып отыр.

Форвардтық сатып алуға 40 млрд теңге және субсидиялар түрінде 95,4 млрд теңге қаралды, деп жалғастырды Премьер-Министр.

"Егіс алқаптарының құрылымынан дәнді-дақылдарды әртараптандыру қарқыны төмен екенін байқауға болады. Әкімдіктердің тарапынан бұл бағытта белсенді жұмыс көрінбейді. Диқандар өңірлердің нақты жоспарлары мен салалық министрліктің міндеттерінен бейхабар. Оның үстіне егіншілердің арасында суды көп қажет ететін дақылдардың егіс алқаптарын әдейі азайтып көрсету фактілері де кездеседі. Бұл су тапшылығына байланысты қалыптасып отырған күрделі ахуалды одан сайын қиындатып жібереді", - деді Олжас Бектенов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу