"Атамекен" Еділ Мамытбековтың депутаттық сауалына жауап берді

937

Ұлттық палата Парламент Сенатының депутаты Еділ Мамытбековтың 2022 жылғы 27 қаңтардағы депутаттық сауалына түсініктеме дайындады. Түсініктеме палатаның ресми сайтында жарияланды. Inbusiness.kz жауаптың толық мәтінін ұсынады:

"Атамекен" Еділ Мамытбековтың депутаттық сауалына жауап берді

2022 жылғы 27 қаңтарда Сенаттың жалпы отырысында депутат Еділ Мамытбеков "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасының тиімділігінің жоқтығына және "Қарапайым заттар экономикасы" концептінің орындаушысынан, "Атамекен" ҰКП-дан бағдарламаның нақты нәтижелері туралы сұрау қажет" деген сын айтты.

Бірінші кезекте, Үкіметтің Ұлттық банкпен бірлесіп аталған бағдарламаны қабылдауының құқықтық негіздері туралы еске салу керек.

Халық тұтынатын тауарлардың ауқымды номенклатурасын игеруде қазақстандық кәсіпорындарға қолдау көрсету, "Қарапайым заттар экономикасын" (бұдан әрі – ҚЗЭ) дамыту қажеттілігі туралы тапсырма Президенттің 2018 жылғы қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында айтылды.

Осы тапсырманы іске асыру үшін Үкімет 2018 жылғы желтоқсанда "Басым жобаларға кредит беру және қаржы лизингі тетігін" (немесе "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасын) бекітті.

Осы қаулыға сәйкес бағдарламаның негізгі қызметін "Атамекен" ҰКП емес, Ұлттық экономика министрлігі атқаратыны анықталды.

Ал екінші деңгейдегі банктер, "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ, "Қазақстанның Даму Банкі" АҚ және лизингтік компаниялар ҚЗЭ (несиені беретін ұйымдар) бағдарламасының операторлары болып бекітілді.

Субсидиялар мен кепілдіктерді қаржы агенттері – "Даму" КДҚ" АҚ және өңірлердің ауыл шаруашылығы басқармалары ұсынады.

Бұл ретте "Атамекен" ҰКП бағдарлама іске қосылған сәттен бастап, сондай-ақ кәсіпкерлікті қолдаудың басқа да шаралары секілді бизнес арасында, бірінші кезекте, шағын және микробизнес арасында бағдарламаның шарттары туралы ауқымды түсіндіру жұмысын жүргізді. Бағдарлама туралы ақпараттандыру жұмысы ауылдарды қамти отырып, аудандық филиалдарға дейін жүргізілді.

Өңірлік палаталар бизнес бастамаларды сүйемелдеді, бұл ретте "тығыз байланыс" жеңілдікпен несие алу кезінде бизнес үшін кедергілерді және бағдарламаның жетілдірілмегенін анықтауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар бағдарлама операторларының, "Даму" КДҚ" АҚ және кәсіпкерлердің мәліметтерін ескере отырып, бағдарламаға мониторинг жүргізілді.

Осы кері байланыс негізінде "халық үніне құлақ асатын мемлекет" қағидаты бойынша бағдарламаны жетілдіру жөнінде ұсыныстар жинақталды.

Бұл ұсыныстар бағдарламада келесі жолдармен жүзеге асырылды:

- қарыз алушы үшін түпкілікті мөлшерлемені 8%-дан 6%-ға дейін төмендету (ай сайынғы төлемдерді азайту);

- мемлекет тарапынан 50%-ға дейін кепілдік беру тетігін енгізу; (бизнестің кепілдік базасының болмауын ескергенде аса өзекті сұрақ);

- несие беру үшін тауарлар мен қызметтер тізбесін кеңейту;

- негізгі борыш және 2 жылға дейінгі пайыздық мөлшерлеме бойынша жеңілдікпен төлеу мерзімін енгізу;

- несиелеу мерзімін 7 жылдан 10 жылға дейін ұлғайту ;

- "АӨК өндірісі және қайта өңдеу" бағыты бойынша айналым капиталын толықтыруға 100% қаражат алу мүмкіндігін қосу;

- "Даму" кепілдікті қарау және беру мерзімін 25-тен 15 жұмыс күніне дейін, субсидия 25-тен 5 жұмыс күніне дейін қысқарту және т.б.

Осы жаңашылдықтардың арқасында, бірінші кезекте өңдеу және тамақ өнеркәсібіндегі, АӨК-тегі жобалардың саны мен сапасы артты. Бұл –  импортты алмастыру және ішкі нарықты халық тұтынатын отандық тауарлармен толықтыру қажеттілігі байқалатын тауарларды өндіру, өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін ынталандыру.

Бастапқыда бағдарлама аясында 600 млрд теңге бөлу тапсырылған болса, 2020 жылғы наурызда пандемия басталғанда Президенттің тапсырмасы бойынша дағдарысқа қарсы шара ретінде бөлінген сома 1 трлн теңгеге дейін жеткізілді.

Бұл ретте Бағдарламаның тиімділігін Мемлекет басшысы бірнеше рет атап өтті, оның ішінде 2021 жылғы қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауы шеңберінде және бағдарлама Президенттің тапсырмасы бойынша 2022 жылдың соңына дейін ұзартылды.

Негізсіз шығындар бойынша түсініктемеге қатысты бағдарламаға әуел бастан шикізаттан дайын өнімге (ҚҚТ) дейінгі жобаларды қолдау және қаржыландыру қағидаты енгізілгенін атап өтеміз. Бұл қажетті тауарлар өндірісіне қажет қаражатты "нақты" жеткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

"ҚЗЭ" бағдарламасын іске асырудың толық кезеңінде бағдарламаның 3 бағыты бойынша операторлар (ҰБ облигацияларды және өз қаражаттарымен сатып алу есебінен) 1 трлн теңгеден аса сомаға 3 181 жобаны мақұлдады.

Бірінші бағыт – өңдеу өнеркәсібі мен қызметтер бойынша (460 тауар позициясы мен қызмет) операторлар 471 млрд теңгенің 536 жобасын мақұлдады.

Екінші бағыт – АӨК-тегі қайта өңдеу бойынша (136 тауар позициясы) операторлар 318 млрд теңгенің 272 жобасын мақұлдады.

Үшінші бағыт – АӨК өндірісі, оның ішінде көктемгі егіс және егін жинау жұмыстары (149 тауар позициясы) бойынша операторлар 237 млрд теңгенің 2 373 жобасын мақұлдады.

"Даму" КДҚ" АҚ және өңірлердің ауыл шаруашылығы басқармалары 957 млрд теңгеге 2 742 жобаны субсидиялады.

Айта кетейік, "Атамекен" ҰКП ірі бизнес пен жер қойнауын пайдаланушыларды қолдауға бағытталған бірқатар Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші (ЭҚЖЖ) бойынша қарсы шықты, өйткені бұл ел басшылығының алға қойған міндеттеріне қол жеткізуге теріс әсер етер еді.

Өкінішке қарай, мемлекеттік органдар кейбір ұсынысты ескерусіз қалдырды.

Осы жобаларды іске асыру ішкі нарықты отандық тауарлармен толықтыру, өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін ынталандыру, сонымен қатар бірінші кезекте халық тұтынатын тауарлар номенклатурасын кеңейтуге бағытталған.

Мысалы, бағдарлама көмегімен халық тұтынатын тауарлар: киім (күртеше, костюм, блузка, аяқ киім, арнайы киім және т.б.), құрылыс материалдары, медициналық бұйымдар өндірісі іске қосылды.

Сондай-ақ азық-түлік өндірісі (макарон, нан-тоқаш өнімдері, ет және шұжық өнімдері, сүт өнімдері, кәмпиттер және т.б.) елдің азық-түлік қауіпсіздігіне оң әсер етеді.

Үздік жобалар қатарында: сүт өндірісі (жылына 500 мың тонна – "Ақтоғай Агро" фирмасы" ЖШС), рапс майы (жылына 350 мың тонна – "Тайынша Май" ЖШС), йодталған тұзды қайта өңдеу (жылына 450 мың тонна – "Аралтұз" АҚ), гофр қағазын өндіру (жылына 15 млн метр – "Шымкент қағазы" ЖШС), медициналық танғыш материалдар өндірісін (жылына 200 млн дана – "Super-pharm" ЖШС) атауға болады.

Бизнестің мәліметі бойынша мақұлданған барлық жобаны іске асырудан болжамды тиімділік. Жаңа 28 мың жұмыс орнын құру және салық базасын 40 млрд теңгеге ұлғайту.

Бағдарламаның негізгі қатысушылары: шағын бизнес – 2944 жоба (92%) және орта бизнес – 166 жоба (7%).

Сандардан көріп тұрғанымыздай, шағын және орта бизнесті тарту бойынша жұмыстың негізгі бағыты іске асырылды. Бұл жұмыспен қамту және халықтың табысын арттыру мәселелерін шешуге оң ықпал етіп, бағдарламаның қажеттілігін көрсетеді.

Тұтастай алғанда, Бағдарламаны іске асыру тиімділігіне талдауды бағдарлама операторлары (ЕДБ, "АНК" АҚ) және субсидиялар мен кепілдіктер беретін органдардың ("Даму" КДҚ" АҚ және ауыл шаруашылығы басқармасы) деректері негізінде Ұлттық экономика министрлігі жүргізуге тиіс екенін атап өту қажет.

Жауапты ұйымдардың тиісті өкілеттіктері бағдарламада белгіленген, құзыретке сәйкес сұрау салуды дұрыс жолдаған жөн.

Анықтама: "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы шеңберінде мынадай нысаналы индикаторлар белгіленген:

1) 2018 жылғы деңгейден 2023 жылға қарай Қарапайым заттар экономикасы тауарлары бойынша импорт үлесін 20%-ға төмендету;

2) 2018 жылғы деңгейден 2023 жылға қарай Қарапайым заттар экономикасы өнімін шығарудың 20%-ға өсіру.

Бұл ретте бағдарлама бойынша жеңілдікпен несие алып жатқан бизнеске қаражатты пайдалану мақсаты – (инвестициялық мақсаттар, айналым қаражатын толықтыру) – жұмыс орындарын сақтау/ұлғайту немесе табыстың өсуін есепке алып, міндеттемелер белгіленген.

Сонымен қатар сенатордан бағдарлама бойынша шешуді талап ететін келесі өзекті мәселелерге назар аударуды ұсынамыз.

1. "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ-тың лимиті шеңберінде мемлекеттік кепілдік бойынша талаптарды алып тастау мәселесі шешілген жоқ.

2020 жылдың тамызынан бастап "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ 70 млрд теңге сомасына мемлекеттік кепілдікті рәсімдеудегі қиындықтарға байланысты АӨК жобаларын қаржыландыра алмайды. Бағдарлама шеңберінде "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ лимиті 170 млрд теңгені құрайды. Соның ішінде 70 млрд теңгеге мемлекеттік кепілдік керек. АӨК-тегі өндіріс бағыты бойынша жобалардың 93%-ын "АКК" АҚ іске асырғанын атап өтеміз. Бұл ұсыныс Ұлттық банк тарапынан түсіністік таппай жатыр.

2. Субсидиялауға және кепілдендіруге бөлінетін қаражаттың жетіспеушілігі.

"Бизнестің жол картасы-2025" және "Қарапайым заттар экономикасы"  бағдарламалары шеңберінде субсидиялауға және кепілдендіруге 106,4 млрд теңге бөлінді. Бұл сома қабылданған міндеттемелерді ғана жабады. Ұлттық экономика министрлігінің ақпараты бойынша, 2022 жылға тапшылық 68,5 млрд теңгені құрайды.

"Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасын іске асырудан басқа, сенатор "Атамекен" ҰКП атына "Басым тауарлар мен қызметтердің бірыңғай картасының" (ЕКПТУ) тағдыры туралы мәселені көтергенін атап өтеміз. Бұл жобаны іске асырумен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі айналысады.

"Атамекен" ҰКП "Басым тауарлар мен қызметтердің бірыңғай картасын" іске асыру немесе пайдалану бойынша заңнамалық бекітілген функциялары жоқ екенін ескере отырып, бұл мемлекеттік саясаттың құралы екенін, осы мәселе бойынша жауапты мемлекеттік органның атына жүгінуді дұрыс деп санаймыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу