Абылай Мырзахметов сот үкімі негізінде қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтеп келген болатын. Кейіннен сот шешімімен жазаның өтелмеген бөлігі бостандықты шектеуге ауыстырылған, деп жазады inbusiness.kz сайты.
– Бостандыққа шыққаннан кейін сотталушы пробация қызметінің есебіне қойылды. Ол сот шешімінен туындайтын барлық шектеулерді, міндеттер мен талаптарды, соның ішінде Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге шығуға тыйым салуды сақтауға міндетті, – деп мәлімдеді Павлодар облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінен.
Пробация қызметкерлері оған жүктелген аталған міндеттер мен шектеулердің сақталуын үздіксіз қадағалап, тұрақты тексерулер мен өзге де бақылау шараларын жүргізеді.
Оған тұрақты тұрғылықты жерін өзгертуге, пробация қызметіне ескертпей облыстан шығуға және ойын-сауық орындарына баруға тыйым салынған.
Айта кетейік, 2024 жылғы мамырда Абылай Мырзахметов 13,9 млрд теңгені жымқырды деген айыппен 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Былтыр мамыр айында ол өзін шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды сұрап өтініш жазған болатын.