Тура 20 бұрын "Атасу – Алашаңқай" мұнай құбыры пайдалануға берілді. Бұл еліміздің тарихындағы маңызды инфрақұрылымдық жобалардың біріне айналған "Қазақстан – Қытай" магистралды мұнай құбырлары жүйесінің алғашқы кезеңі болды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
2006 жылғы шілдеде дәл осы "Алашаңқай" қабылдау-тапсыру пунктінде қазақстандық мұнайдың алғашқы партиясы қабылданды. Бұл оқиға отандық мұнай саласының дамуындағы жаңа кезеңнің басталуына жол ашып, қазақстандық көмірсутектерді әлемдегі ең ірі энергетикалық нарықтардың бірі – Қытай Халық Республикасының нарығына тікелей жеткізудің негізін қалады.
"Атасу – Алашаңқай" мұнай құбырының бағыты Қазақстанның төрт облысы – Ұлытау, Қарағанды, Жетісу және Абай облыстарының аумағы арқылы өтіп, одан әрі Қытаймен мемлекеттік шекараны кесіп өтеді. Оның ұзындығы Қазақстан Республикасының аумағында 962,9 шақырымды, ал ҚХР аумағындағы бөлігі 2,2 шақырымды құрайды.
Құбыр арқылы Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Құмкөл кен орындарының мұнайы тасымалданады, сондай-ақ Ресей мұнайы Қытайға транзитпен жөнелтіледі.
Пайдалануға берілген сәттен бастап "Атасу – Алашаңқай" магистралды мұнай құбыры арқылы 200 млн тоннадан астам, ал "Кеңқияқ – Құмкөл" мұнай құбыры арқылы 100 млн тоннадан астам мұнай тасымалданды.
Жалпы, бұл магистралды мұнай құбырлары жүйесі энергетикалық ресурстарды сенімді жеткізуді қамтамасыз етіп, Қазақстан мен ҚХР арасындағы ұзақмерзімді серіктестіктің нығаюына ықпал етеді.