Ақмола облысының бес ауданының тұрғындары енді облыс орталығына бармай-ақ, күрделі операциялар мен мамандандырылған медициналық көмекті өз аудандарында ала алады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл мүмкіндік "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы аясында жаңғыртылған Атбасар көпбейінді ауданаралық ауруханасында жасалды.
Аурухананың жұмысымен Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова танысты.
Жаңғырту нәтижесінде ауруханадағы төсек саны 154-тен 172-ге дейін ұлғайтылды. Кардиохирургия, нейрохирургия, эндокринология, урология және балалар хирургиясы сияқты жаңа бағыттар ашылды.
Ангиограф орнатылғаннан кейін мұнда қазірдің өзінде 160-қа жуық операция жасалды. Бұған дейін жіті коронарлық синдромы бар пациенттер Атбасардан 200 шақырымнан астам қашықтықта орналасқан облыс орталығына жіберілетін. Енді қажетті медициналық көмекті жергілікті жерде ала алады.
Соңғы екі жылда ауруханаға 51 маман тартылды, оның 22-сі биыл жұмысқа орналасты. Бүгінде ауруханада 85 дәрігер еңбек етеді. Медицина қызметкерлеріне қызметтік тұрғын үй және 8,5 млн теңге көлемінде әлеуметтік төлемдер қарастырылған.
Министр босандыру бөлімшесіне де барып, онда сегіз айдың ішінде 270 босандыру жүргізілгенін көрді. Бөлімше акушер-гинекологтармен толық жасақталған.
Сапар барысында Ақмарал Әлназарова медицина ұжымымен аурухананы одан әрі дамыту, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мәселелерін талқылады.
Бүгінде Атбасар ауруханасы Ақмола облысының бес ауданындағы 106 мыңнан астам тұрғын үшін диагностика мен емдеу мүмкіндіктерін кеңейтіп, ауыл халқына мамандандырылған медициналық көмекті жақындатып отыр.