Атбасарда жаңғыртылған теміржол вокзалы ашылды

337

Вокзалдың аумағы 661 шаршы метрден 823 шаршы метрге дейін ұлғайды.  

Атбасарда жаңғыртылған теміржол вокзалы ашылды Фото: ҚР Көлік министрлігі Telegram

Ақмола облысының Атбасар қаласында қайта жаңғыртылған теміржол вокзалы ресми түрде ашылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Салтанатты шараға облыс әкімі Марат Ахметжанов, ҚР Көлік министрлігі Теміржол және су көлігі комитетінің төрағасы Нұржан Келбұғанов, "Қазақстан темір жолы" өкілдері, мердігерлер мен қала тұрғындары қатысты.

"Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстанда 124 теміржол вокзалын реконструкциялау және жаңғырту бойынша ауқымды бағдарлама жүзеге асырылуда. Ақмола облысында жұмыстардың елеулі көлемі жүргізілуде, мұнда бағдарлама 16 теміржол вокзалын қамтиды. Бұл – республика өңірлері арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Аталған жобаның іске асырылуы жолаушылар үшін неғұрлым қолайлы жағдайлар жасап, қызмет көрсету сапасын арттыруға ықпал етеді", – деді Нұржан Келбұғанов.

1956 жылы салынған бұрынғы вокзал ғимаратының орнына жаңа заманауи нысан бой көтерді. Жөндеу барысында инженерлік желілер жаңартылып, шатыр мен қасбет жұмыстары жүргізілді. Жолаушылар платформасы да қайта жаңғыртылып, вокзал маңы абаттандырылды.

Жаңғыртудан кейін ғимараттың жалпы аумағы 661 шаршы метрден 823 шаршы метрге дейін ұлғайды. Вокзалда эвакуациялық шығу жолдары мен өрт қауіпсіздігі есіктері орнатылып, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін пандус қарастырылған.

Атбасар вокзалы үшінші санатқа жатады. Нысан тәулігіне орта есеппен 310 жолаушыға қызмет көрсетеді. Вокзал арқылы Астана, Қостанай, Семей, Қарағанды, Ақтөбе, Орал, Маңғыстау және басқа бағыттарға қатынайтын 16 жолаушылар пойызы өтеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу