Атырау-Ақтөбе тас жолының аяқталу мерзімі белгілі болды

1824

Атырау облысының әкімі аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын баяндады. 

Атырау-Ақтөбе тас жолының аяқталу мерзімі белгілі болды

Республикалық ЖІӨ-де Атырау облысының үлесі – 27,4%. Биылғы жылдың 9 айында Атырау облысындағы жалпы аймақтық өнім 4 трлн. 233 млрд. теңгені құрады. Облыстағы өнеркәсіптік өнім өндірісінің көлемі 21 трлн. 409 млрд теңге. Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өңірдің 2019 жылдың қаңтар-қыркүйек айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады.

Облыс басшысы Ақтөбе-Атырау-Астрахань жолының құрылысы жайлы сөз қозғап, Елбасының бастамасымен жүзеге асып жатқан ірі жобалардың бірі – "Нұрлы жол" бағдарламасына тоқталды.

Нұрлан Ноғаевтің айтуынша, осы жоба аясында биыл Ресейдегі Астрахань облысының шекарасына дейін Ақтөбе-Атырау-Астрахань тас жолы салынуда.

"Атырау-Астрахань арасы 277 шақырымды құрайды. Атырау жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға 39 млрд теңге бөлінді. Жоба бойынша 32 елдімекенге жалпы ұзындығы 165 шақырым болатын жол салу жоспарлануда. Республикалық маңызы бар Ақтөбе-Атырау-Астрахань бағытындағы жолдың 432 шақырымына қайта құрылымдау жүргізіліп жатыр. Жолдың 60 шақырымы 2021 жылдың ортасына дейін, қалғаны 2022 жылы аяқталады деп күтілуде. Атырау қаласы мен Ақтөбе облысының шекарасының арасы 115 шақырым, қазір 27 шақырымы аяқталды. 88 шақырымында құрылыс жүріп жатыр. Қалған учаскелерде дайындық жұмыстары жүргізілуде", –деді ол.

Мұнайлы өлке әкімі сонымен қатар, облыстағы экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында бірқатар іс атқарылып жатқанын да тілге тиек етті.

Айталық, Атырау қаласын екіге бөліп отырған Жайық өзенінің сол жағалауында салынып жатқан жалпы құны 13,3 млрд теңге болатын кәріз-тазалау қондырғылары кешенінің құрылысы 2020 жылы  бітетіні белгілі болды.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу