Атырау әуежайы қызметімізге кедергі келтіріп отыр - FlyArystan

398

Лоукостер ресми сайтында тиісті мәлімдеме жасады, деп жазады inbusiness.kz.  

Атырау әуежайы қызметімізге кедергі келтіріп отыр - FlyArystan Фото: polet.me

Мұнда "АТМА-Атырау әуежайы және тасымалдау" АҚ-ның FlyArystan компаниясынан Атырау әуежайы терминалында 4 шаршы метрді жалға бергені үшін айына 1 млн теңге қаражат талап етіп отырғаны, iJan өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдарын өшіргені туралы жазылған.

"Бұл Атырау облысында жалға алудың орташа құнынан 50 есеге артық (krisha.kz деректері бойынша). Осылайша әуе тасымалдаушының операциялық қызметін жүзеге асыруға, сондай-ақ инновациялар мен жолаушылар тәжірибесін жақсарту бөлігінде аймақтың дамуына кедергі келтіріп отыр. "АТМА-Атырау әуежайы және тасымалдау"-дан нарық бағасына сай келмейтін коммерциялық ұсынысты алғаннан кейін, әуе компания бір мәмілеге келуге және "АТМА-Атырау әуежайы және тасымалдау" басшылығына отандық авиацияны дамытуға, сондай-ақ өңірдің тұрғындары мен қонақтары үшін инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған бұл бастамаларды қолдау қажеттігін жеткізуге тырысқан болатын", - делінген хабарламада.

Ақпаратқа сәйкес, өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары терминалдың өткізу қабілетін арттыратынына қарамастан, 2023 жылдың 13 наурызында әуежай басшылығы қолданыстағы терминалдарды өшіретінін айтып, жалдау шарттарын қайта қараудан бас тартқан.

"13 наурыз күні әуежай келіссөздерді аяқтамастан, iJan өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдарын өшіріп, әуе компаниясының операциялық қызметіне кедергі келтіріп, бұл лоукостер жолаушылары арасында түсінбестік туғызды. Бұл жайттан соң әуе компаниясы iJan терминалдары үшін алаңды жалға алуға монополиялық жоғары бағаны белгілеу бөлігінде үстемдігін және монополиялық жағдайды теріс пайдалану тұрғысынан тергеу жүргізуді сұрай отырып, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне өтініш жолдады", - деп атап өтті компания.

Атырауда лоукостердің операциялық қызметін өркендетуге әсер ететін тағы бір теріс фактор ретінде жолаушыларға қызмет көрсетуге арналған әуежайдағы жоғары ақы көрсетілген.

"Бүгінгі таңда әуежай Алматы, Астана және Шымкенттегі әуе айлақтарымен салыстырғанда 60%-ға дейін, ал басқа өңірлік операторларға қарағанда 75%-ға дейін артық ақы алады. Flyarystan операциялық қызметін жүзеге асыру кезеңінде Атырау қаласында жолаушыларға ыңғайлы болу үшін терминал инфрақұрылымында өзгерістер болмады", - делінген хабарламада.

FlyArystan құзырлы мекелерден "АТМА-Атырау әуежайы және тасымалдау" АҚ қызметін тексеруді сұрады. Сонымен қатар еліміздің авиация саласының барлық қатысушысын осы мәселені шешуге атсалысуға шақырып отыр.

Айта кету керек, iJan – әуежайдағы өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу