Атырауда әуе рейстері жаппай кешігіп жатыр

145

Жолаушылар кешелі бері бірқатар бағыт бойынша ұша алмай отыр.  

Атырауда әуе рейстері жаппай кешігіп жатыр Фото: maximonline.ru

Барлық рейстер 16 қаңтарға ауыстырылған. Алайда бүгін де жағдай күрделі күйінде қалып отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Әуе компанияларының мәліметінше, жаппай кешігулерге қолайсыз ауа райы себеп болған. Ұшу-қону жолағындағы көктайғақ салдарынан рейстерді орындау қауіпті.

Соның салдарынан 15 қаңтардағы күндізгі және кешкі рейстер кейінге қалдырылды. Атап айтқанда, Астана – Атырау – Астана, Алматы – Атырау, Атырау – Алматы бағыттарындағы рейстер тоқтатылды.

Ал Амстердам – Атырау халықаралық рейсі мәжбүрлі түрде Ақтау қаласындағы қосалқы әуежайға қонды.

Онымен қоса Атырауда қар қайта жауа бастады. Бұл ауа райы жағдайын одан әрі нашарлатты. Алдағы сағаттарда рейстердің орындалу-орындалмауы әзірге белгісіз.

Air Astana әуе компаниясының баспасөз қызметі 15 қаңтардағы барлық кешкі рейстердің 16 қаңтарға ауыстырылғанын растады.

"КС 983/984 Астана – Атырау – Астана, КС 885 Алматы – Атырау, КС 878 Атырау – Алматы рейстері, сондай-ақ Ақтауға бағытталған КС 904 Амстердам – Атырау рейсі кейінге қалдырылды. Кешіктірілген рейстердің жолаушыларына тамақ пен сусын ұсынылады. Жолаушылардан рейстердің мәртебесін әуе компаниясының сайтынан немесе мобильді қосымшасынан тексеруді сұраймыз", – делінген хабарламада.

Айта кетейік, бір күн бұрын Хиуаз Доспанова атындағы әуежайда тағы бір оқиға тіркелді. Алматыдан келген FlyArystan әуе компаниясының ұшағы қонғаннан кейін рульдеу жолынан шығып кеткен. Ұшақта 166 жолаушы болған, зардап шеккендер жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу