Атырау бойынша кепілдік беру мен субсидиялауға 655 млн. теңге керек

631

Оның ішінде, кепілдендіруге қажеттілік 400 млн. теңге құрайды.  

Атырау бойынша кепілдік беру мен субсидиялауға 655 млн. теңге керек

Қазіргі күні кәсіпкерлер көтеріп жүрген мәселенің бірі - субсидиялау мен кепілдік беру бойынша қаражаттың жеткіліксіз болуы. Ал несие қаражатын алғысы келетін кәсіпкерлер арасында "Бастау Бизнес" жобасы бойынша оқудан өтіп үлгермеген адамның көп болуына байланысты тағы да отыз адам қосымша оқытылуда екен, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.

Белгілі болғандай, бүгінде бизнесті қолдау бағдарламалары шеңберінде кепілдік беру және субсидиялау бойынша қажеттілік 655 млн. теңгені құрайды. Оның ішінде субсидиялауға 255 млн. теңге және кепілдендіруге 400 млн.теңге керек. Атырау облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Сүйінбаевтың айтуынша, қазіргі күні бұл мәселеге байланысты қаржы институттарынан қосымша ақпарат сұралған.

Бизнес иелеріне қатысты осы және басқа да проблемалар облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Айдарбековтың төрағалығымен өткен кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі жобалық кеңсенің отырысында ортаға түсті. Айта кетейік, жобалық кеңсе екі жылдан бері жеңілдетілген несие беру, агроөнеркәсіп саласын субсидиялау, реттелетін сатып алулардағы жергілікті қамту бағдарламаларының іске асырылуына байланысты бизнес-сауалнама жүргізіп, соның негізінде мониторинг жасаумен айналысып отыр. Сондай-ақ құжаттандыру барысында да бірқатар өзекті мәселелер көзге түскен. "Өңірлердің экономикалық картасын қалыптастыру аясында кәсіпкерлер палатасы өңдеу, тамақ өнеркәсібі мен агроөнеркәсіп кешенінде 491 кәсіпорынды паспорттау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Қазіргі кезде оның ішінен 271 кәсіпорын паспортталды", – деді палата басшысы.

Сонымен қатар жиында "Бастау Бизнес" жобасының түлектеріне несие беру жайы қарастырылды. Оған сәйкес, несиелер 5-7 жылға дейінгі мерзімге жылдық 6 пайызбен кепіл саясаты мен  қандай да бір комиссиясыз беріледі. Республика бойынша бұл мақсаттарға барлығы 22,5 млрд.теңге, Атырау облысы бойынша 1 млрд.теңге бөлінді. Бұл қаражатты ағымдағы жылдың соңына дейін игеру қажет. "Атамекен-Атырау бизнес қолдау" микроқаржылық ұйымының директоры Мұрат Мұстажаповтың айтуынша, өтінімдерді қабылдау науқаны бір ай бұрын басталғанына қарамастан, бүгінде несиелеу бойынша қарауда жалпы сомасы 486,7 млн.теңгеге 59 жоба бар. Бұдан бөлек, байқауға қатысуға өтінім бергендердің дер кезінде тиесілі оқудан өтіп үлгермейтіні анықталды. Сол себепті қосымша отыз адам бизнес негіздерін оқуға кіріскен.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу