Атырау мен Маңғыстау облысының әкімдері өзара уағдаласты

886

Тараптар өнеркəсіп, шағын жəне орта бизнес саласында, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, экология, құрылыс салаларында ынтымақтастық жасауға келісті. 

Атырау мен Маңғыстау облысының әкімдері өзара уағдаласты

Атырау жəне Маңғыстау облыстарының əкімдіктері ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі.

Атырау облысының əкімі Нұрлан Ноғаев пен Маңғыстау облысының əкімі Ералы Тоғжанов екі облыс арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Меморандумның мақсаты - өңіраралық кооперацияны дамыту жəне өңірлердің бəсекеге қабілеттілігін арттыру. Тараптар өнеркəсіп, шағын жəне орта бизнес саласында, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, экология, құрылыс салаларында ынтымақтастық жасауға келісті. Сондай-ақ облыстар арасында жастар саясаты, мəдениет жəне спорт салаларында да өзара іс-қимыл жасау көзделуде.

Маңғыстау облысының басшысы ірі мұнай жобаларындағы қазақстандық қамту мəселесін қозғады. 

"Облыстың аумағында үш мұнай компаниясы жылына орта есеппен 1 трлн 400 млрд теңгеге тауарлар сатып алады. Оның ішінде 30%-ы республикадан тыс жерлерден, бұл шамамен 500 млрд теңге. Бұл біздің кəсіпорындар үшін, инвестициялар тарту үшін үлкен нарық жəне əлеует. Осы тауарларды республика аумағында өндіре отырып, біз жергілікті компанияларды дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, мемлекет бюджетін толықтыруға жағдайлар жасаймыз",- деді Ералы Тоғжанов.

Өз кезегінде Атырау облысының əкімі Нұрлан Ноғаев облыс аумағында арнайы индустриялық аймақты дамыту бойынша болашақ жоспарлар туралы əңгімеледі.

"Өздеріңіз білесіздер, парламентте арнайы экономикалық жəне индустриялық аймақтар туралы заң жобасы талқылануда. Егер бұл заң қабылданатын болса біз осы бағытта дамытуға дайынбыз. Исатай ауданында арнайы индустриялық аймақ құру үшін жер учаскесі бөлінді. Осы бағытта тəжірибе алмасу үшін біз Түркияда болдық. Оларда индустриялық аймақтың аумағында 35 мың адам, шамамен 180 резидент жұмыс жасайды. Олардың бір бөлігі, 35-40 кəсіпорын біздің нарыққа келуге дайын",- деп түсінік берді Нұрлан Ноғаев. - Бұл үшін заңнамалық база, салық тұрақтылығы қажет. Сонымен бірге бізде мұнайхимиялық кластерді дамыту үшін арнайы экономикалық аймақ жұмыс жасайды. Мұндай жобаларды іске асыру дайын өнім шығаруға мүмкіндік береді, бұл бəсекеге қабілетті кəсіпорындар құруға септігін тигізеді". 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу