ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Маңғыстау атом энергетикалық комбинатында (МАЭК) және Атырау мұнай өңдеу зауытында (АМӨЗ) болған апаттардың себептерін тергеу жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысын өткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Ағымдағы жағдай мен қабылданып жатқан шаралар туралы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, "KEGOC" АҚ басқарма төрағасы Қаныш Молдабаев, "ҚазМұнайГаз" компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Дәулетжан Хасанов баяндама жасады.
Премьер-Министр Энергетика министрлігіне орын алған апаттардың себептерін егжей-тегжейлі зерттеп, кінәлілерді анықтау үшін сарапшылардан тұратын жұмыс тобын құруды тапсырды.
Оның құрамына Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Энергетика министрлігінің Энергетикалық қадағалау комитеті, Атырау және Маңғыстау облыстары әкімдіктерінің, "KEGOC", "Самұрық-Энерго", "ҚазМұнайГаз" АҚ өкілдері және тәуелсіз сарапшылар кіреді.
"Ең бастысы орын алған апаттардың себептерін анықтау керек. Адами фактор болды ма? Бұл ретте тек кешегі оқиғаға байланып қалудың қажеті жоқ. Уақтылы шешім қабылдамау, кейінге ысыру және мәселелерді дер кезінде елемеу осыған жеткізіп отыр. Мұның барлығын объективті түрде анықтау керек", — деді ол.
Премьер-Министр
- апаттардың салдарын жедел жою,
- Батыс энергетика жүйесін нығайту, оның Қазақстанның Бірыңғай энергожүйесімен интеграциялануы, болашақта осындай жағдайларға жол бермеу үшін генерациялау резервін кеңейту бойынша ұсыныстар дайындауды тапсырды.
- Үкімет басшысы бір апта ішінде растайтын құжаттар мен ұсынылған шаралар көрсетілген толыққанды қорытынды дайындауды талап етті.
- Сондай-ақ ол қысқа мерзімде батыс өңірлеріндегі энергетика және мұнай-газ кәсіпорындарының тұрақты жұмысын қамтамасыз етуді тапсырды.
"Біз бұл жағдайдан қорытынды шығаруымыз керек. Энергетика министрлігі барлық мәселелерді түбегейлі, жүйелі түрде шешу үшін жұмысты үйлестіруі керек", — деп түйіндеді сөзін Әлихан Смайылов.