Атырау мұнай өңдеу зауытында жоспардан тыс тексеріс басталды

132

Оған тұрғындардың шағымы түрткі болған.

Атырау мұнай өңдеу зауытында жоспардан тыс тексеріс басталды Фото: azh.kz

АМӨЗ-де күкіртсутек пен көміртек тотығының артық мөлшеріне байланысты тексеріс басталды, деп жазады inbusiness.kz сайты "Ақ Жайық" басылымына сілтеме жасап.

Кәсіпорынға жақын орналасқан аудандарда ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген концентрациясынан асып кеткенін көрсеткен мониторинг деректерін ұсынған.

Облыстық экология департаменті елді мекендерге жақын аумақтарда анықталған күкіртсутек, көміртек тотығы және басқа да ластаушы заттардың шекті деңгейден асуы мүмкін деген деректер бойынша тексеріс жүргізіп жатыр.

25 қаңтарда Алғабас ауылындағы "Сая" бау-бақша қоғамының тұрғындары өткір жағымсыз иіс туралы шағымданып, жедел қызметтерге жүгінген. Осыдан кейін атмосфералық ауаның сапасына мониторинг жасалды.

Экология департаментінің мәліметінше, артық мөлшер Мирный, Водник аудандарында және "Сасықсай" булану алаңдарында тіркелген. Бұл жерлерде күкіртсутек пен көміртек тотығының концентрациясы шектен асқан.

Сонымен қатар, "Қазгидромет" РМК Атырау облыстық филиалының деректеріне сәйкес, 19-25 қаңтар аралығында АМӨЗ маңындағы күкіртсутек концентрациясы шекті деңгейден 36,3 есеге дейін асып кеткен. Ал қала маңындағы Тасқала (Алғабас) ауылында – 17,5 есе, іргелес аумақта – 15 есе, Химпоселок ауданында – 36,3 есе артық болған.

Экология департаменті тексеріс нәтижелерін қосымша хабарлайтынын жеткізді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу