Атыраудың туристік логотипін жасауға бөлінген қаражат бюджетке қайтарылмақ

678

Оған 3,7 млн теңге қарастырылған болатын.  

Атыраудың туристік логотипін жасауға бөлінген қаражат бюджетке қайтарылмақ

ҚР Үкіметінің туристік саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде "Облыстың туристік логотипін жасау" қызметі қарастырылған болатын. Ондағы мақсат – өңірде ішкі туризмді дамыту, өңірдің информациялық алға жылжуына жәрдемдесу. Қазіргі уақытта әр өңірдің өзіндік  логотипі мен бренді жасақталған, мұның өзі облыстың ерекшелігін танымал етуге үлкен мүмкіншілік беретіні анық. Қазіргі күні еліміздің бірқатар өңірінің осындай туристік логотипі бар.   

Мұнайлы өңірде де 2020 жылдың 15 маусым күні  "Атырау облысының туристік логотипін жасау" жөніндегі мемлекеттік сатып алу бойынша ашық конкурс жарияланған еді. Конкурстың бірінші кезеңінде қатысушы болмауына байланысты мемлекеттік сатып алу заңына сәйкес 2020 жылдың 14 шілде екінші рет ашық конкурс тәсілімен қайтадан жарияланды. Бұл конкурс бойынша өңірдің логотипі электронды түрде жасақталып, онлайн режимінде сұраныс жүргізіп, логотип таңдалып, сараптық комиссия қарауына ұсынылады деп жоспарланған да болатын.  

Алайда, Атырау облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының хабарлауынша, қазіргі таңда облыстағы эпидемиологиялық ахуалға байланысты мемлекеттік сатып алу бойынша жоспарланған туристік логотипті жасақтауды қысқартқан. Оған бөлінген 3,7 млн теңге қаражат бюджетке  қайтарылмақ.

Құралай Қуатова
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу