Атырау облысы – "жасыл аймақта"

787

Бүгіннен бастап сауда орындарының жұмысы ұзартылды.

Атырау облысы – "жасыл аймақта"

Атырау короновирус дерті бойынша эпидемиологиялық ахуалы жағынан "жасыл аймаққа" енгізілді. Бүгіннен бастап облыста өңірдің бас санитар дәрігері Мәдениет Танауовтың шектеу шараларын кезең-кезеңімен жеңілдету туралы жаңа қаулысы күшіне енді, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Оған сәйкес, кафе мен мейрамханалардың жұмысы 07.00 сағаттан 24.00 сағатқа дейін ұзартылды. Қойылатын талаптар: залдың толымдылығы 50 пайыздан және отырғандар саны 50 адамнан аспауға тиіс, той-томалақтар өтпеуі керек.  Бұған дейін оларға таңғы 09.00-ден кешкі 20.00-ге дейін жұмыс істеуге ғана рұқсат етілген болатын. Сондай-ақ, сауда үйлері, ойын-сауық орталықтары, азық-түлік және басқа да сауда орындары сенбі күні 09.00-17.00 сағат аралығында ғана емес, кешкі сағат 22.00-ге дейін жұмыс істей алады. Сауна, СПА-орталық, бассейндердің жұмыс уақыты да осылайша өзгертілді. Жексенбі күні сауда орындары тегіс жабық, ол әзірге күшінде қалып тұр. Сонымен қатар, бүгіннен бастап мектеп асханалары да карантин талаптарын сақтай отырып ашылып жатыр. 

"Кеш-келген карантиндік шектеулер бизнеске кері әсерін тигізіп жатыр. Соны ескере отырып, палатаның аймақтық кеңесі жергілікті басшылыққа шығып, шектеу шараларын жеңілдету жөнінде ұсыныс айтқанбыз. Ұсынысымыз ескерілген шығар деп ойлаймын. Оның үстіне, облыс та "жасыл аймаққа" еніп тұр. Алдағы уақытта былтырдан бері жұмыс істемей тұрған басқа кәсіпкерлік нысандар да ашылып, қайтадан жанданса жақсы болар еді", - дейді Атырау облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Абдолла Идрисов. 

Белгілі болғандай, өз кезегінде сауда, сервис саласының қызметкерлері де талап ережелеріне бейімделіп үлгерген. 

"Мен "Дина" базарында киім-кешек сатамын. Пандемияға дейін айына бір рет санитарлық тазалық күні демалатынбыз. Үйдің бетін көрместен жұмыс жасадым. Қазір жексенбі күні үйдемін. Балаларыммен шүйіркелесіп, немерелерімді ойнатып, мәз болып қаламын. Клиенттер саны қатты азайған жоқ. Бір байқағаным, олар да бұрынғыдай қалаған уақытта барып сатып аламын демей, белгіленген уақытта келіп, сауда жасауға дағдыланады екен", – дейді кәсіпкер Ағила Әзербаева. 

Тағы айта кететіні, Атырау облысы қазіргі күні республика бойынша жүргізілген ПТР тест бойынша ең жоғары көрсеткішке жетіп тұр.

"Ол 100 мың тұрғынға шаққанда 101493 тестен келіп тұр.  Салыстырмалы түрде алсақ, жүргізілген тест облыс халқының санынан асып кетті", - деп хабарлайды Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Өңірде 12 ПТР зертханасы бар. Коронавирус індеті басталғалы бері облыста 666 мың ПТР-сынамасы жүргізілген.

Құралай Қуатова

Фото: dailynews.kz

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу