Атырау облысында 140 балаға семіздік диагнозы қойылған

284

Өткен жылы Атырау облысында 140 бала семіздік диагнозымен тіркелген. Бұл алдыңғы жылғы көрсеткіштен 31 балаға көп, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Атырау облысында 140 балаға семіздік диагнозы қойылған Фото: Savicic/Shutterstock

Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Нұрсұлтан Хусановтың айтуынша, "Дені сау ұлт" ұлттық жобасында саламатты өмір салтын ұстанатындар санын арттыру мен бұқаралық спортты дамытуға басым бағыт берілген.

"Ұлттық жобада 14 жасқа дейінгі балалар арасындағы семіздікке шалдығуды төмендету қарастырылған. Семіздік – ағзада артық майдың жиналуы. Семіздіктің төрт сатысы бар. Бірінші сатыда адамның салмағы әдеттегі қалпынан 29 пайызға артады. Ал екіншісінде – 50, үшіншісінде – 100, төртінші сатыда 100 пайыздан асып кетеді. Семіру тыныс алу және жүрек-қантамыр жүйесін өзгеріске ұшыратып, өкпе мен жүрек қызметін әлсіретеді", - дейді Нұрсұлтан Хусанов.

Жоғары санатты эндокринолог Бибігүл Айтмағанбетованың пікірінше, артық салмақ түрлі ауруға ұшыратады.

"Соңғы 20 жылда артық салмақтан зардап шегетін балалар саны екі есеге өсті. Көбінесе 11 жастағы балалар артық салмақтан зардап шегеді. Мәселен, былтыр 10-15 жастағы 140 баладан семіздік диагнозы анықталды. Бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 31 балаға көп. Артық салмақтың салдарынан II типті қант диабеті, гипертония және жүрек-қан тамырлары ауруларының пайда болуына әсер етеді. Мұның салдары мүгедектікке ұшыратуы мүмкін", - дейді Бибігүл Айтмағанбетова.

Дәрігердің кеңесіне қарағанда, семіздіктен құтылудың бірнеше тиімді жолы бар. Біріншіден, бір орнында отырып қалмай, жиі қозғалу қажет. Екіншіден, дұрыс тамақтанған жөн. Үшіншіден, ұйқы режимін сақтау керек. Сондай-ақ гормондарға арнайы анализ тапсыруды естен шығармаған абзал.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда онкология диспансерінің есебінде 5 мыңнан аса науқас тұрғанын жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу