Исатай ауданының прокуратурасы салық заңнамасының сақталуына жүргізілген талдау барысында бірқатар заң бұзушылықтарды анықтады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қадағалау органы мәліметінше, кәсіпкерлік субъектілері мүлік салығын төмендетіп көрсетіп, тиісті төлемдерді уақытылы төлемеген. Нәтижесінде Салық кодексі талаптарының жүйелі түрде бұзылғаны белгілі болды.
Атап айтқанда, 36 кәсіпкер коммерциялық нысандарды уақытылы бағалау және бюджетке міндетті төлемдерді аудару жөніндегі міндеттерін орындамаған.
Прокуратураның қадағалау актісі негізінде мемлекет кірісіне 2,6 миллион теңге өндірілді. Сондай-ақ заң бұзушылықтарға жол берген жауапты тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Прокуратура органдары мемлекеттің экономикалық мүдделерін қорғау бағытындағы жұмысты тұрақты түрде жалғастырып жатқанын атап өтті.