Атырау облысында 7 миллион көшет егілетіні ақиқат па, аңыз ба?

765

Атырау облысының кешенді жоспарға сәйкес алдағы бес жыл ішінде 7 млн көшет егілуге тиіс. Алайда мұндай ауыз толтырып айтатын ауқымды жоспардың жүзеге асып, шөлейтті өңірдің санаулы жылда жасыл алқапқа айналып кететініне күмәнмен қарайтындар да аз емес, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.

Атырау облысында 7 миллион көшет егілетіні ақиқат па, аңыз ба?

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұрлан Жантоқов мәлімдегендей, облыс әкімдігі "Атырау облысы бойынша ормандарды өсіру мен молайтудың 2021-2025 жылдарға арналған кешендік жоспарын" және "Атырау облысының елді мекендерін көгалдандыру мен жасыл аймақтар жасаудың 2021-2025 жылдарға арналған өңірлік жоспарын" әзірлеп, бекіткен. Бұл құжаттар өз кезегінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа былтырғы Жолдауындағы 2021-2025 жылдары орман алқабында 2 млрд, елдімекендерде 15 млн ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасын негізге алады.

Сонымен аталған "кешендік жоспарға" сәйкес, Атырау облысындағы мемлекеттік орман қорының 2 803 гектар жеріне алдағы 5 жыл ішінде 7,075 млн көшет егу жоспарланған. Соның ішінде биыл облыстың 309 гектар орман қоры жерлеріне 905 мың ағаш көшеттерін егу қарастырылып отыр. Салыстырмалы түрде көршілес Батыс Қазақстан облысында 15 096 гектар жерге 57 миллион, ал Ақтөбе облысының 30 744 гектар жеріне 60,1 млн көшет егу көзделген екен.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы көктемгі науқанда 250 гектар жер учаскесіне 696,4 мың көшет отырғызылып, қазір 59 гектарға 208,6 мың көшет егіліп жатқанын атап өтті. Ал көктемгі науқанда 24 гектарға 48 714 ағаш көшеті отырғызылмақ. Сондай-ақ алдағы уақытта егілген талдарды күтіп-баптау мен тамшылатып суару жұмыстарын айқындауды жүзеге асыратын арнайы комиссия құру жоспарланыпты.

"Орман қоры жерлерінде орман өсіру, молықтыру, күтіп-баптау, суару жұмыстарын жүргізу орман шаруашылығы мекемелеріне міндеттелгендіктен солар жүзеге асырады. Ал елді мекен аумақтарында ағаш көшеттерін күтіп-баптау мен суару жұмыстарын қала және аудан әкімдіктерінің тиісті бөлімдері жүргізеді", – деді Нұрлан Жантоқов. 

Өңірді жасылдандыру жұмысына жергілікті мұнай компанияларын да жұмылдыру қарастырылған. Мәселен, Атырау мұнай өңдеу зауыты қазірдің өзінде облыс басшылығымен жасалған Атырау қаласының аумағын көгалдандыру жөніндегі меморандум өндіріс орнына жақын Перетаска ауылынан 5 га жер алып, 2 500 тал егуге кіріскен.

"Бүгінгі күні зауыттың ауданы 224 га көгалдандырылған және абаттандырылған санитарлық-қорғау аймағы бар, осы аумақта 126 270 ағаш пен бұта егіледі, бұдан басқа жыл сайын 11 753 дана көшет отырғызылады және оған күтім жасалады", – деп мәлімдеді АМӨЗ қоғаммен байланыс бөлімі.

Соған қарамастан, бес жылға есептелген үлкен жоба жұртшылық арасында сыналып та жатыр.

"Жеті миллион!!! Жеті мың емес, жетпіс мың емес, жеті миллион! Бүгін айқай-шумен, бүкіл әкімшілік, қаптаған еріктілер, қала халқы, балалар, иттер мен мысықтар болып жүргенде 1 гектар жерге 1 000 ағаш әрең егілді. Сонда, күніне 1 000 ағаш егілсе 19 жыл керек және 7 000 гектар жер керек. 7 000 000 ағашты ең болмаса мың теңгеден алса 7 000 000 000 тенге керек. Қалай суарылады ол ағаш? Кім егеді?" деп жазды қоғам белсендісі Махмут Мералиев "Фейсбук" желісіндегі парақшасында. 

Ал қарсы тарап өкілдері көшеттерді егу бойынша жұмыстарды қала және аудан әкімдері тікелей бақылап отыратынын, талдардың орны, жағдайы келешекте "Геопортал" сайтына орналастырылып, көптің ақпарат алуы үшін қолжетімді болатынын қаперге береді.

Облыстық бюджеттен орман мекемелеріне бұл жұмыстарды атқаруға бес жылға 870 млн теңге бөлу қарастырылған, оның 178 млн теңгесі биыл бөлініп, техника, тұқым сатып алу, басқа да жұмыстарға жұмсалып жатыр.

Айта кетейік, мұнайлы өңірді "жасыл белдеуге" айналдыру бастамасың бағыты жөнінде бұған дейін де бірнеше мәрте жариялаған болатынбыз. Әзірге Атырау "жасыл қалаға" айналып, жан-жағы жайқалып кеткен жоқ, ал егілген талдың қаншасы, қалай өсіп шығатынын уақыт көрсетеді. 

Құралай Қуатова
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу